Сырдарияның суы қашан қалпына келеді?

19 Қазан 2021, 19:56
6345
Бөлісу:
Сырдарияның суы қашан қалпына келеді?
VIDEO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ел халқын өзендер суының тартылып жатқаны алаңдатып отыр. Бүгін Facebook қолданушылары Сырдария өзенінің суы тоқтап қалғаны туралы видео таратты.

Желі қолданушының айтуынша, Сырдарияның суы тоқтағаны туралы видео әлеуметтік желілерде таралған. Видеоның авторы 1 грамм да су ағып жатпағанын айтты.

Соңғы уақытта Сырдария өзенінің төменгі ағысында вегетациялық кезең күрделі су тапшылығы жағдайында өтуде. Осы мәселеге байланысты бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқарма басшысы Бауыржан Шаменов су тапшылығы жағдайына байланысты БАҚ өкілдеріне мәлімдеме жасады.

Биылғы жылдың қыркүйек айынан бастап Шардара су қоймасынан Сырдария өзенінің төменгі ағысына жіберіліп жатқан су көлемі 30 текше метрді құраған болатын. Бұл су деңгейінің күрт төмендеуіне әкелуде. Осыған байланысты облыс әкімдігімен Премьер-министрге және Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан мемлекеттерімен Сырдария өзенінің төменгі ағысына су жіберу көлемін ұлғайту мәселесі бойынша келіссөздер жүргізу жөнінде ұсыныстар жолданды. 2021-2022 жылдардың вегетацияаралық кезеңінде мемлекеттердің су алу лимиттері мен Нарын-Сырдария су қоймалары каскадының болжамды жұмыс режимін келісу кезінде қаралатындығын жеткізді. Сонымен бірге биылғы жылдың 18 қазаны сағат 18:00-ден бастап Шардара су қоймасынан Сырдария өзенінің төменгі ағысына 50 м3/с су тасталуда, - деді Бауыржан Шаменов. 

Арал-Сырдария бассейіндік инспекциясы басшысы Сейілбек Нұрымбетовтің айтуынша, Сырдария өзені су деңгейіне байланысты өткен жылмен салыстырғанда біраз төмендеуі байқалады. Негізгі себебі - Сырдария өзені трансшекаралық өзен. Жалпы жылына екі рет судың көлеміне байланысты халықаралық комиссия арнайы тексереді. 

Комиссия отырысының қорытындысы бойынша биыл Сырдария өзені арқылы Қазақстан териториясына сәуір мен қыркүйек айларында 4 млрд м3 су келуі керек деп болжанған. Қазіргі уақытта 2 млрд текше метрге жуық су келген. Бұл 60%-ды қамтып отыр. Көксарай су реттегіші және Шардара су қоймасында толық пайдалануға және шекті пайдалануға ең төменгі шегі 650 млн текше метрге дейін су қалды. Сол себепті қыркүйек және қазан айларында жоғарыдан келіп жатқан су көбейген жоқ. Соның есебінен төменге тастайтын су 30 текше метрге дейін азайған. Қазіргі уақытта облыстың шекарасынан 60-65 текше метр. Ал Қызылорда қаласы тұсынан 66 текше метр су өтіп жатыр, - деді Сейілбек Нұрымбетов. 

Ал «Қазсушар» РММ Қызылорда облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Жорабек Ерназаров қыркүйектен бастап су жіберілгенін айтты.

Қыркүйек айынан бастап Шардара су қоймасынан төменгі ағысқа 30 текше метр, Қызылорда Су торабынан төменгі ағысқа 55-60 текше метр су жіберілген. Мәселен жаз мезгілінде егістік суару маусымы кезінде Қызылорда су торабынан төменгі ағысқа 75-80 текше метр су жіберілді. Сондықтан негізсіз ақпаратқа сенуге болмайды, - деді Жорабек Ерназаров.

Одан бөлек, бүгін Сырдария өзенінің мәселесіне қатысты Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі ресми мәлімдеме жасады.

Қызылорда облысындағы экологиялық жағдай Арал-Сырдария бассейнінің сулылығына тікелей байланысты. Арал-Сырдария бассейнінде 2019 жылдан бастап су аздығы циклы жалғасуда. Сырдария өзенінің сулылығы Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан аумағындағы су шаруашылығы жағдайына байланысты және көбінесе «Тоқтоғұл» су қоймасында (Қырғызстан) судың жиналуымен айқындалады. Осы жылы Тоқтоғұл су қоймасында судың жинақталу көлемі 2019 жылға қарағанда 5 млрд текше метрге кем, вегетациялық кезеңнің басында Тоқтоғұл су қоймасында шамамен 15 млрд текше метр су жинақталған норма болып саналады. Осы жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша су қоймасында 8,7 млрд текше метр ғана болды, бұл 2020 жылғы ұқсас кезеңге қарағанда 2,9 млрд-қа аз, - делінген хабарламада.

Нарын-Сырдария су қоймалары құламасы жұмысының энергетикалық режимге ауысуына байланысты Шардара су қоймасына ағын вегетациялық кезеңде азаяды және вегетация аралық кезеңде ұлғаяды.

Осыған байланысты Шардара су қоймасын су тастау және толтыру режимі Сырдария өзенінің жоғарғы ағысында орналасқан су қоймаларының жұмыс режиміне және көрші елдердегі су шаруашылығы жағдайына байланысты.

Бүгінгі таңда Шардара су қоймасы толтыру режимінде жұмыс істейді. Су қоймасынан суды ағызу 50 м3/сек ағынмен жүзеге асырылады, келген судың көлемі 140 м3/сек құрайды. Шардара су қоймасынан су ағызу ағындылықтың ұлғаюына қарай көбейеді.

Сонымен бірге Тәжікстан және Өзбекстан елдерінде вегетация кезеңі ағымдағы жылғы қазанның соңына дейін жалғасады. Сондықтан Шардара су қоймасына судың түсуі және Сырдария өзенінің төменгі ағысына су жіберу көлемін ұлғайту мәселесі ағымдағы жылғы қарашада Мемлекетаралық үйлестіру су шаруашылығы комиссиясының кезекті 81-ші отырысында Сырдария өзенінің бассейні бойынша 2021 жылғы вегетациялық кезеңнің қорытындылары шығарылып, 2021-2022 жылғы вегетацияаралық кезеңінде мемлекеттердің су алу лимиттері мен Нарын-Сырдария су қоймалары каскадының болжамды жұмыс режимін келісу кезінде қаралатынын хабарлаймыз, - делінген мәлімдемеде.
Ескерту: Видеода боғауыз сөздер бар.

Өзгелердің жаңалығы