Бас жаңалықтар
Түркияда жүрген Айнұр Тұрсынбаева Президентке үндеу жолдады
10 Шілде 2020, 18:30 166

Түркияда жүрген Айнұр Тұрсынбаева Президентке үндеу жолдады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қоғам белсенділері ақша жинап, Түркиядан өкпені жасанды жолмен желдететін бірнеше аппарат сатып алған. Бұл істің басы-қасында жүрген айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева Мемлекет басшысынан көмек сұрады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтан көмек сұраймыз. Қазір қазақтың даласы қан сасып тұр. Адамдар шыбынша қырылып жатыр. Адамдар өз ажалынан емес, дәрінің жоқтығынан, жағдайдың жоқтығынан, аппараттардың жоқтығынан, ауруханаларда орындардың жоқтығынан өліп жатқанын мойындауымыз керек! Қазаққа қастандық жасалды! Осы жағдай жүрегімізге батқан соң, біз, қоғам белсенділері қосылып, халықтан ақша жинадық. Сол ақшаға Түркия мемлекетінен 125 аппаратты сатып алдық. Бұл аппараттар Қазақстанда 500-800 мың көлемінде сатылып та жатыр. Халықтың ондай қымбат аппарат алатын жағдайы жоқ екенін менсіз де білетін шығарсыздар деп ойлаймын! - дейді Айнұр Тұрсынбаева.

Ол елшіліктің көмегімен шекара шығынынан да құтылғандай болғанын, бірақ 125 аппаратты, яғни 2 тонна жүкті тұтас жіберетін мүмкіндік жоқ екен айтты. 

Ендігі жанайқайымыз мынау! Біздің тірнектеп жинап алған аппараттарымызды Қазақстанға барған соң "СК Фармация" деген мекеме қабылдап алады екен. Ол мекемеге халық та, халықтан ақша жинаған белсенділер де сенбей отыр. Осы уақытқа дейін шет елдерден келіп жатқан көмектердің жоқ болып кетуі себеп болып отыр. Сондықтан осы аппараттарды таратудың билігін өзімізге берсеңіздер екен. Қорғаныс министрлігі арнайы ұшақ жібертсе, тұтас апаруға болады. Бізге әр минут қымбат! Әр адам қымбат! Әр аппарат қымбат! Әр тиын қымбат! Мен Түркия мемлекетіндегі бір зауытпен сөйлесіп, 2 аптада 500 аппарат алатын болып келісімшарт жасамақшы едім. Зауыт келісімін берді. Ең арзан бағаға! Егер қоғам белсенділеріне аппараттарды Қазақстанға жеткізуге көмектесіп, таратуға мүмкіндік берсеңіздер, 2 аптаның ішінде 500 аппараттың ақшасын жинап береміз. Бар мүмкіндікті пайдаланып қалайық, - деді айтыскер ақын.


Фото: дереккөз
Загрузка...