Соғыс ардагерлері ізбасарларына аманат хатын тапсырды
23 Қазан 2021, 16:53 270

Соғыс ардагерлері ізбасарларына аманат хатын тапсырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысында тұратын Екінші дүниежүзілік соғыстың 25 ардагері Ауған соғысы ардагерлеріне сабақтастық аманат хатын тапсырды.

Біз қартайдық, бірақ қажымаймыз, біз төсек тартып жатып қалдық, бірақ қайғырмаймыз! Өйткені Ұлы Отан соғысы ардагері ретінде айтарымыз – біздерден кейін нағыз соғыс көрген ұрпақ бар. Олар – Ауған соғысының ардагерлері! Олар жас ұрпаққа біз берген тәрбиені беруі керек. Себебі ата-бабаларымыз өзінен кейінгі ұрпақтың жан жүйесі мен санасына мәдениеттілік, инабаттылық, отансүйгіштік, ержүректік сияқты адамзаттық қасиеттерді сіңірген - Аманат хаттың мәтіні осылай басталады.

Игі шара «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында патриоттық іс-шара өтті. Жиынның мақсаты – отаншылдықты, рухани сабақтастықты дәріптеу, Ерлік пен өрлік, батырлық пен тектілік ұрпақтан-ұрпаққа жалғастыру.

Екінші дүниежүзілік соғысы ардагерлерінің аманатын «Түркістан облыстық Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тұрғанбек Бегимовке салтанатты түрде тапсырды. 

Сабақтастық аманат хатында Екінші дүниежүзілік соғысының ардагерлері Ауған соғысының ардагерлеріне бірқатар міндеттер жүктеген. Атап айтсақ, соғыс ардагерлерін қастерлеу, майдан даласында ерлікпен қаза тапқандар мен тылда еңбек еткен ардагерлерді насихаттап, жастардың санасына сіңдіруді, әскер сапындағы ұрпақты аға буынның ерлік дәстүрінен үлгі алуға баулуды, Отан үшін күрескен азаматтардың ерлігін үлгі етіп, жас ұрпақты адамгершілікке, мәдениеттілікке, отансүйгіштікке, ержүректілікке, инабаттылыққа тәрбиелеуді және өзге де игі істерге жұмылдыруды тапсырған. Ауған соғысының майдангерлері аманатқа адал болуға уәде берді.


Фото: дереккөз
Загрузка...