Бас жаңалықтар
Түймебаев Түркістандағы құрылысты қарқындатуды тапсырды
02 Ақпан 2019, 16:53 963

Түймебаев Түркістандағы құрылысты қарқындатуды тапсырды

Астана, BAQ.KZ. Бүгін Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Түркістан қаласындағы құрылыс нысандарын аралап, атқарылып жатқан шаруалармен танысты. Ондағы жұмыстарға қаныққан аймақ басшысы құрылысты қарқындатуды тапсырды.

Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Қазір күн жылы, ауа райы қолайлы. Сондықтан 2 ауысымда жұмыс істеп, құрылыс қарқынын екі есеге арттыру керек. Ғимараттар жаңа Түркістанның көркіне көрік қосатын, заманауи талапқа сай, көрікті, әрі бекем болуы тиіс. Құрылысқа отандық өнімдерді пайдаланған жөн. Барлығымыз күн-түн демей, қаланы өркендетуге аянбай еңбек етуіміз керек», – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Бүгінгі күні шаҺарда 26 көпқабатты үйдің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде ауданы 61,6 мың шаршы метр немесе 1200 пәтерді құрайтын 20 үй республикалық бюджет есебінен салынуда. Ағымдағы жылдың І жартыжылдығында 660 пәтерлі 11 үй ел игілігіне тапсырылатын болса, ІІ жартыжылдығында 540 пәтерлі 9 үй пайдалануға беріледі деп күтілуде. Бұл тұрғын үйлер баспана кезегінде тұрған мұқтаж азаматтарға беріледі.


Одан бөлек, «ӘКК Түркістан» АҚ-ы жалпы ауданы 18,5 мың шаршы метр болатын, 336 пәтерлі 6 үйдің құрылысы жүргізілуде. Жоспар бойынша биыл құрылыс жұмыстары аяқталып, шілде айында пайдалануға берілмек. Бұл пәтерлерді «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы аясында да иеленуге мүмкіндік туады.

Сондай-ақ, Түркістан қаласы, Отырар мөлтекауданында 38 гектар аумаққа 4 тұрғын үй кешенін салу жоспарлануда. Онда жалпы ауданы 196,3 мың шаршы метр болатын 2724 пәтерлі, 88 көпқабатты тұрғын үй бой көтереді. 2019 жылы 8 тұрғын үй пайдалануға беріліеді. 80 тұрғын үй 2020 жылы пайдалануға тапсырылады.


Сізден жаңалық