Түркістан: Медициналық мекемелерде өкпені жасанды желдету аппараттары 46,4%-ға артқан

12 Қараша 2020, 07:27
1415
Бөлісу:
Түркістан: Медициналық мекемелерде өкпені жасанды желдету аппараттары 46,4%-ға артқан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысында коронавирустық инфекциямен ауыратын науқастарды емдеуге жатқызу үшін тұрақты негізде 600 инфекциялық және 340 карантиндік төсек-орын ұйымдастырылған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимов мәлімдеді.

Сонымен қатар, пандемияның түрлі сценарийіне байланысты төсек-орнын 5 610-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік бар.

Басқарма басшысының айтуынша, облыста медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасы едәуір толыққан.

Қазіргі таңда өңірдегі медициналық мекемелерде өкпені жасанды желдету (ӨЖЖ) аппараттарының саны 178-ден 332-ге дейін артып, өсім 46,4%-ды құрады. Ал оттегі станциясының саны 2 есеге артып, 8-ге жетіп отыр. Сондай-ақ, 80 бірлік оксигенация аппараты (HI-FLOW) сатып алынды. Оттегі концентраторларының саны 890 бірлікке жетіп, өсім 95%-ды құрады. Оттегі нүктелерінің саны 9,7 есеге артып, 205-тен 2005 нүктеге дейін ұлғайды. Ағымдағы жылы облыстық бюджет есебінен 1 дана компьютерлік томограф пен 3 дана сандық рентген аппараттары орнатылды, - деді басқарма басшысы.

Сонымен қатар, облыстағы медициналық ұйымдардың пульсоксиметрмен қамтамасыз етілуі 190-нан 3879-ға дейін жетіп, 95,1%-ға артқан. ПТР зертханаларының саны 3 бірліктен 9 бірлікке дейін өсіп, күн сайын 2500-ден астам тестілеуге мүмкіндік беруде. Коронавирустық инфекцияның екінші толқынына дайындық мақсатында облыстың медициналық ұйымдары дәрілік заттармен толық қамтамасыз етілген. Екі айлық қор резерві қалыптастырылған.


Өзгелердің жаңалығы