Бас жаңалықтар
Қазақстан туралы бейнеролик «Үздік тревел видео» номинациясын иеленді
VIDEO
24 Қыркүйек 2020, 22:07 167

Қазақстан туралы бейнеролик «Үздік тревел видео» номинациясын иеленді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Pacific Asia Tourism Association (Азия-Тынық мұхит туристік қауымдастығы – әлемдегі ең ірі туристік ұйымдардың бірі) қамқорлығымен онлайн форматта өткен жыл сайынғы беделді PATA Gold Awards іс-шарасында «Үздік тревел видео» номинациясында «Travelstan» ролигі жеңіске жетті.

Ресми ақпараттық кітапшада атап өткендей, роликтің басты мақсаты - белгілі бір топтардағы «STAN» жұрнағына деген теріс көзқарасты жою. Сондай-ақ ұйымдастырушылар осы уақытқа дейін роликтің бүкіл әлем бойынша 480 миллионнан астам рет трансляцияланғанын хабарлайды.

Бұл Қазақстан туралы тревел-роликтердің халықаралық аренадағы алғашқы жеңісі емес. Өткен жылдың сәуір айында «Біз қайда ұшамыз?» атты ролик Болгарияда өткен «On the east Coast of Europe» XVI халықаралық туристік фильмдер фестивалінде «Туристік дестинация» номинациясында 90 секундқа дейінгі ең үздік жарнамалық бейнеролик ретінде танылды. Ал сол жылдың қыркүйегінде жоғарыда аталған екі ролик те «Аумақтарды таныстыру және «Белсенді демалыс пен ойын-сауық объектілері» номинацияларында Ресейдегі «Диво Евразии» III туристік бейне және анимация фестиваль-конкурсында жеңіске жетті.

Соңғы жылдары шетелдік туристер біздің елімізді экологиялық және белсенді саяхат бағыты ретінде көбірек таңдайды. Бұған, атап айтқанда, жарнамалық роликтердің шабыттандыратын және ынталандыратын кадрлары ықпал еткен. Әрине, пандемия барлық туристік бағыттардың маркетингтік жоспарларына елеулі түзетулер енгізді. Осы мақсатта, мысалы, аталған роликтерді жасаушылар – «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ мен Photosafari Group Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша саяхатшыларды пандемия кезінде өздерін қорғауға және «ертең» өздерінің демалысын жоспарлауға шақыратын «Travelstan» бейнеролигіне ремейк жасады.

Естеріңізге сала кетейік, тура бір жыл бұрын ТМД аумағында алғаш рет Pata Travel Mart 2019 халықаралық туристік көрмесі өтті, оған бір мыңнан астам шетелдік және қазақстандық тур компания қатысқан.



Фото: дереккөз
Видео: дереккөз
Загрузка...