Төрт балам да орысша сөйлейді - Ерболат Беделхан
05 Қараша 2021, 17:02 2728

Төрт балам да орысша сөйлейді - Ерболат Беделхан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Qazforum қазақ тілінде онлайн-контент жасаушылардың V форумында «Ninety one» тобының продюсері Ерболат Беделхан балаларының орыс тілінде сөйлейтінін айтты.

Менің төрт балам бар. Өзім оралманмын (қандас – ред.). 1991 жылы көшіп келдім. Қазақ боламын деп келген едім. Енді төрт балам да орыс тілді, төртеуі де орысша сөйлейді. Ненің арқасында? Әрине, интернеттің арқасында. Себебі мен қалада тұрамын. Балаларым қазақ мектебіне, қазақ балабақшасына барады. Бірақ көмектеспейді, - деп атап өтті ол.

Оның айтуынша, интернеттің күштілігі соншалық, бірақ балаларға арналған контент жоқ.

Әйелім де, өзім де қазақша сөйлейміз. Барлығымыз интернеттің күшін білеміз, - деп айтты Беделхан.

Продюсердің сөзінше, «Ninety one» қазақ тілінің мәселесіне қатысты ауыр жүкті мойнына алады деп ойламаған.

«Таптаурын» деген сөзді естігендеріңіз бар шығар. Осы сөзді біз (Ninety one – ред.) шығардық. «Таптаурын» - стереотип деген сөз. Осындай көне сөзді қазіргі XXI ғасырға жеткізу, дамыту арманым болды. Себебі мен лингвистика саласында оқыдым, музыкант емеспін, - деп айтты Ерболат Беделхан.

Фото: ашық дереккөз
Загрузка...