Бас жаңалықтар
Тоқаев Финляндия министрімен кездесті
01 Наурыз 2019, 17:31 393

Тоқаев Финляндия министрімен кездесті

Астана, BAQ.KZ. Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Финляндияның сыртқы сауда және даму министрі, Қазақстан мен Финляндияның сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының тең төрағасы Анне-Мари А.Виролайненді қабылдады.

Төраға жоғары деңгейдегі жүйелі саяси үнқатысуға негізделген Қазақстан-Финляндия қатынастарының ерекше сипатына тоқталды. Қ.Тоқаев Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың 2018 жылы Хельсинкиге сапарының нәтижелі болғанын және онда көптеген екіжақты келісімдерге қол қойылғанын атап өтті.

Парламент жоғарғы Палатасының басшысы Сенаттың өзара парламентаралық іс-қимылды тереңдетуге мүдделі екенін атап өтіп, фин депутаттарын Қазақстанға сапарлап келуге шақырды.

Анна Мари Виролайнен Қ.Тоқаевты Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның 11-ші отырысының қорытындысы туралы хабардар етті. Оның пікірінше, көлік, логистика, энергетика, цифрландыру және білім беру салалары өзара тиімді ынтымақтастықтың басым бағыттары болып табылады. «Қазақстан - Орталық Азиядағы қозғаушы күш болып отыр. Көптеген фин компаниялары өз тәжірибесімен бөлісуге дайын», - деді Финляндия сыртқы сауда және даму министрі.

Қ.Тоқаев фин елінің білім беру жүйесінің тиімділігін айта келіп, әлемнің білім беру кеңістігіне кеңінен танылған тәжірибені зерделеуге Қазақстанның мүдделі екеніне тоқталды.

«Финдердің заң шығаруды жүзеге асыру, сондай-ақ құқық үстемдігін қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, жалпыға бірдей игілікті қоғам құру үлгісін іске асыру тәжірибесі біз үшін зор ықылас туғызады», - деді Сенат Төрағасы.

Парламент жоғарғы Палатасының Төрағасы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлеуметтік қолдауды күшейту және қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі «Нұр Отан» партиясының XVIII съезіндегі аса маңызды бастамалары туралы айтты.

Загрузка...

Сізден жаңалық