Тоқаев: Қырғызстандағы ахуал – көрші елдің ішкі шаруасы

8 Тамыз 2019, 11:25
8211
Бөлісу:
Тоқаев: Қырғызстандағы ахуал – көрші елдің ішкі шаруасы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстандағы ахуал көрші елдің ішкі шаруасы деп есептейді.

Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында осылай деп жазды.

"Қазақстан президенті Қырғызстандағы болып жатқан жағдайды мұқият бақылап отыр. Мемлекет басшысы бауырлас көрші елдегі ахуал Қырғыз Республикасының ішкі шаруасы деп есептейді. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жағдай жуық арада елдің қолданыстағы заңы аясында шешілетініне үміттенеді", - деп жазды Берік Уәли.

Атап өтсек, БАҚ-та Қырғызстанның экс-президенті Алмазбек Атамбаевты ұстау операциясы туралы ақпарат тарады. Мәліметтерге сәйкес, кеше Атамбаевтың Қой-Таш ауылындағы үйінде атыс болып, Шу облыстық ІІББ-нің жедел тергеу тобы оқиға орнына аттанды. Түнгі сағат 03:00-дегі жағдай бойынша, аталған операция салдарынан Бішкек қаласы мен Шу облыстық ауруханаларына түрлі жарақатпен 48 адам түсті. Қырғыз Республикасы ІІМ баспасөз қызметі мәлім еткендей, дәл қазір милиция штаттық режімде жұмыс жасап, қоғамдық тәртіптің сақталуын және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отыр.

Еске салсақ, бұған дейін Жогорку Кенеш елдің экс-президентінен қол сұқпаушылық мәртебесін алып тастау туралы шешім қабылдаған болатын. Ал депутаттық комиссия Атамбаевқа 6 эпизод бойынша айып тақса, Бас прокуратура олардың тек бесеуін қалдырып отыр.

Өзгелердің жаңалығы