Төмен жалақы лауазымдық иерархияға әкеледі. Сенатор мәслихат хатшыларының жалақысын көтеруді сұрады

23 Қыркүйек 2021, 13:02
4090
Бөлісу:
Төмен жалақы лауазымдық иерархияға әкеледі. Сенатор мәслихат хатшыларының жалақысын көтеруді сұрады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенаттың жалпы отырысында депутаттар Үкімет басшысына шемімін таппай келе жатқан мәселеге қатысты депутаттық сауал жолдады.

Депутаттық сауал еліміздегі аудандық, қалалық және облыстық мәслихат хатшылары мен тексеру комиссиясының мәртебесіне қатысты.

Өңірлерде іссапарда болғанымызда жергілікті мәслихаттардың мәртебесін көтеру бойынша жұмыстарда әлі де шешімін таппаған мәселелер барын көрдік. Атап айтқанда, Үкіметтің 2021 жылғы маусымдағы Қаулысына орай жергілікті деңгейде қызмет атқаратын мемлекеттік қызметшілердің жалақысы екі еседен артық көтерілген. Алайда барлық деңгейдегі мәслихат хатшыларының еңбек ақысы бұрынғы қалпында қалып қойды, - деп мәселені ашып айтты сенатор Мұрат Бақтиярұлы.

Ол мұндай жағдай 2016 жылы мемлекеттік қызметшілердің жалақысы көтерілгенде де болғанын айтты.

Мұрат Бақтиярұлының сөзінше, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңға сәйкес мәслихат хатшылары мемлекеттік бюджет есебінен қамтылған барлық орган үшін қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеудің бірыңғай жүйесіне сәйкес жалақы алып, мәслихат аппаратының мемлекеттік қызметіне толық жауапты болғанымен мемлекеттік қызметі болып есептелмей, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттілік берілген тұлға ретінде қаралады.

Мәслихат хатшылары мемлекеттік саяси және мемлекеттік әкімшілік лауазымдық деңгейлер мен функционалдық блоктар бойынша бөлініске енгізілмеген. Сондықтан мемлекеттік саяси және әкімшілік қызметшілердің лауазымдық айлық ақыларының схемасына да енбегендіктен жалақысы көтерілмей қалды. Мысалы, аудандық деңгейдегі мәслихат хатшысы аудандық мәслихат аппарат басшысынан екі есе, бөлім басшысынан 50% төмен жалақы алады. Ал облыстық мәслихат хатшысы облыстық мәслихат аппарат басшысынан 50% төмен жалақы алады, - деп атап өтті ол.

Депутаттың берген мәліметіне сәйкес, Қызылорда облысында аудандық деңгейде мәслихат хатшысы 200 мың теңге, ал мәслихаттың аппарат басшысы 453 мың теңге, бөлім басшысы 302 мың теңге, ал облыстық деңгейде мәслихат хатшысы 467 мың теңге, ал мәслихаттың аппарат басшысы 634 мың теңге, ал бөлім басшысы 400 мың теңге жалақы алады.

Мәслихат хатшыларының мәслихат аппарат қызметкерлерінен төмен жалақы алуы лауазымдық иерархия қағидаларының сақталмауына әкеліп соғуда. Дәл осындай жағдай тексеру комиссиясы төрағалары мен мүшелерінің жалақысына қатысты да болып отыр. Тексеру комиссиясы төрағаларының жалақысы тек 33%-ға, мүшелерінің жалақысы 17%-ға ғана көбейді. Ал басқа мемқызметшілердің жалақысы 2 не одан да жоғары есеге өсті, - деп айтты Бақтиярұлы.

Сенаторлар Үкімет басшысынан барлық деңгейдегі мәслихат хатшылары мен тексеру комиссиясының мәртебесін елдің заңнамаларымен реттеуді қарастыруды сұрады.



Өзгелердің жаңалығы