Төлеген Абдуллин ақылы жолдардың құнын атады
24 Қараша 2021, 15:04 147

Төлеген Абдуллин ақылы жолдардың құнын атады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде жол жүру ақысының ставкалары басқа елдермен салыстырғанда төмен. Бұл туралы ИИДМ автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллин мәлімдеді.

Республикалық маңызы бар автожолдар учаскелерінде ақылылықты енгізудің негізгі мақсаты автомобиль жолдарын дамытуға және учаскелерді нормативтік ұстауды қамтамасыз етуге жұмсалған қаражатты сақтау болып табылады. Жыл сайын республикалық желідегі тегін жолдарды ұстауға бюджет қаражаты бөлінеді. Ақылылыққа ауыстыру жолды өзін-өзі өтеуге мүмкіндік береді, яғни республикалық бюджетке жүктемені азайтады. Жол жүру ақысы есебінен ақылы учаскелер қауіпсіздік пен жайлылықтың заманауи талаптарына сай болмақ, - деді комитет төрағасы.


Оның айтуынша, «Нұр-Сұлтан-Щучинск» бірінші ақылы учаскесі енгізілгенге дейін жол жүру құнын «ҚазжолҒЗИ» АҚ-ның ғылыми институты анықтаған. Олар жолды күтіп ұстауға, жол-пайдалану техникасымен қамтамасыз етуге байланысты шығындарды есептеген.

Абдуллиннің атап өтуінше, осыған байланысты, келесі тарифтер белгіленген:

- жеңіл көлік үшін – 1 шақырым үшін 1 теңге;

- жүк көліктері үшін –  жүк көтерімділігіне байланысты 1 шақырым үшін 5 теңгеден 25 теңгеге дейін.

Аталған тарифтер ҚР Үкіметінің 2013 жылғы 30 наурыздағы №429 қаулысымен қабылданды.

Елімізде жол жүру ақысының ставкалары басқа елдермен салыстырғанда ең төмен екенін атап өту қажет. Салыстырып қарасақ, Ресейде жеңіл автомобильдер шамамен 7 теңге және жүк көліктері 1 шақырым үшін 7-ден 55 теңгеге дейін төлесе, Белоруссияда жеңіл көліктер шамамен 20 теңге және жүк көліктері 1 шақырым үшін 47-ден 77 теңгеге дейін төлейді. Ал Еуропа елдерінде жол жүру ақысы жүк көліктері үшін 5 есе жоғары және жеңіл автомобильдер үшін 20 есе жоғары, – деп атап өтті Төлеген Абдуллин.


Фото: дереккөз
Загрузка...