Төлеби ауданында 5 елді мекен ауызсумен қамтылмақ

25 Мамыр 2019, 17:10
4641
Бөлісу:
Төлеби ауданында 5 елді мекен ауызсумен қамтылмақ
Фото: автордан

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Төлеби ауданындағы 55 елді мекеннің бүгінде 36-сы табиғи газбен толық қамтылған. Аудан көлемінде 27 жол жөнделіп, асфальт төселген. Сондай-ақ, қазіргі таңда 4 көпірге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы аталған ауданға ұйымдастырылған пресс-тур барысында белгілі болды.

2018 жылы 5 наурызда Елбасы Н.Назарбаев «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Қазақстан халқына үндеуін жариялап, әлеуметтік жаңғыруға бағытталған бес бастамасын белгілеген болатын. Соның бесінші бағыты – «елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру». Осыған байланысты, БАҚ өкілдері үндеу бойынша Төлеби ауданында 7 нысанды аралап шығып, қандай жұмыстар атқарылып жатқанымен танысып қайтты.

Ең алдымен табиғи газ кіргізілген Алатау ауылдық округіне қарасты Қайнар ауылының 104 жастағы тұрғыны Мәуекүл Құдабаеваның шаңырағына соқтық. Ғасырдан үлкен қарияның ұлы Әбдіқадыр Құдабаев ауылға көгілдір отынның келгеніне қуанышты. Айтуынша, Қайнар ауылында 270 үй яғни 1500-дей тұрғын бар. Көмір жағып отырған жергілікті халық алдағы уақытта көгілдір отынның игілігін көреміз деп отыр.

Төлеби ауданында 5 елді мекен ауызсумен қамтылмақ

Былтыр Нысанбек, Жаңатұрмыс, Қайнар үш елді мекеніне табиғи газ бойынша құрылыс жұмыстары жүргізіліп, 2018 жылдың соңында аяқтаған болатын. Үш елді мекеннің 2500-ден астам тұрғындары табиғи газбен қамтылды. Табиғи газ жүргізу үшін 250 млн теңге қаражат жұмсалыпты.

Төлеби ауданында 5 елді мекен ауызсумен қамтылмақ

«Өздеріңіз куә болғандай үш елді мекеннің тұрғындарына табиғи газ беріп отырмыз. Газ жүргізілмеген 9 елді мекеннің ішінде Балдыберек, Төңкеріс елді мекендерін биыл газдандыруға облыстық бюджеттен құрылысын жүргізуге 175 млн теңге қаралды. Оған мердігер анықталып, шілде айында құрылыс жұмыстары басталғалы отыр. Қалған 7 елді мекеннің жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, 2019 жылдың қаңтар айында облысқа қаржыландырылуға ұсынылған. Бүгінде жалпы құны 1 млрд 398 млн теңгені құрайтын қаржыны күтіп отырмыз. Бөлінген жағдайда 2020 жылдың соңына қарай Төлеби ауданы толығымен 100 пайыз табиғи газбен қамтылады деген жоспарымыз бар», - деді Төлеби аудандық ТҮКШ жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Нұрлан Оспанов.

Бұдан кейін пресс-турымыз аудандық маңызы бар KXTL-20 «Екпінді-Ақмешіт» жолындағы күрделі жөндеуден өтіп жатқан көпірге бағыт алды. Көпірдің құрылыс жұмыстарын мердігер мекеме «Бек-Шын Холдинг» ЖШС жүргізуде. Нысанды тапсыру маусым айына жоспарланып отыр екен. Осылайша, Ақмешіт шатқалына баратын қонақтар мен туристерге қолайлы жағдай жасалатын болды.

Төлеби ауданында 5 елді мекен ауызсумен қамтылмақ

«Негізі жобада көпірді тапсыру мерзімі – тамыз айы деп көрсетілген. Алайда біз мерзімінен бұрын бітіріп қоятын едік, көктемгі жауын-шашынның салдарынан созылып кетті. Көпір салуға 48 млн 400 теңге қаралды, қаржы толығымен игерілді. Құрылыс материалдарының барлығы өзіміздің Қазақстанда өндіріледі. Көпірдің ұзындығы - 18 метр, ені 10 метр, екі көлік беймарал сыяды. 60 тонна салмақ көтереді. Судың астында 3 метр жер бетондалып шықты. Екі аптада толық бітіріп шығамыз деп отырмыз. Кепілдеме бойынша 5 жыл сайын келіп тексеріп, қарап тұрамыз», - деді «Бек-Шын Холдинг» ЖШС прорабы Болат Әжімбеков.

Жол мәселесі әрбір ауданда өзекті. Төлеби аудандық ТҮКШ жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Нұрлан Оспановтың айтуынша, аудан әкімі Бауыржан Омарбековтің тапсырмасына сәйкес, инфрақұрылымға өте көп мән берілуде. Жол мәселесін шешу мақсатында биыл аудан көлемінде 27 жол түгел жөнделіп, асфальт төселген. Оған жергілікті бюджттен 600 млн теңге бөлініпті.

«Аудан көлемінде асфальтталған көшелердің көлемі 50 пайызға жақындап қалды. Одан бөлек, тас төсеу жұмыстары жүргізілуде. Тас төсеуге 27 млн теңге бөлінді. Қай көшелерге тас төселетін елді мекендер анықталды. Ауданда жол 80 пайыз қанағаттанарлық жағдайда. Одан бөлек, жергілікті бюджет есебінен 4 көпірдің құрылысын күрделі жөндеуден өткізіп жатырмыз. Өздеріңіз көріп тұрғандай, «Екпінді-Ақмешіт» көпірі маусым айының басында іске қосылады. Қалған Қаратөбе, Шахта Тоғыс, Ханарық елді мекеніндегі көпірлер шілде айында пайдалануға беріледі. Жалпы осы 4 көпірге былтыр 2018 жылдың соңында аудан бюджетінен 200 млн теңге бөлінді», - деді Төлеби аудандық ТҮКШ жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Нұрлан Оспанов.

Пресс-турымыз бұдан соң Бірінші Мамыр ауылдық округі, Тағайна елді мекеніндегі орталықтандырылған ауызсу құбырында жалғасын тапты. Сондай-ақ, осы жылы аудандағы Алатау, Сарқырама, Ақайдар, Қайнар, Шатыртөбе елді мекендерінің ауыз су мәселесі шешімін табады.

«Бүгінде Төлеби ауданында 55 елді мекеннің 53-і орталықтандырылған ауызсу құбырымен қамтылған. Қалған 2 елді мекен Ақайдар және Жаңакүш. Ақайдар елді мекеніне биыл құны 307 млн теңгені құрайтын жобамыз қолдау тауып, қаржы бөлінді. Бүгінде «Тірек» ЖШС мердігер жеңімпаз болып танылды. Шілде айында құрылыс жұмыстары жүргізіледі. Жылдың соңына дейін Ақайдар ауылы толығымен орталықтандырылған сумен қамтылатын болады. Одан бөлек, Жаңакүш елді мекенінің жобалық-сметалық құжаты әзірленіп, сараптамаға ұсынылды. Қорытындысы алынған жағдайда оны облысқа қаржыландыруға ұсынамыз. 2020 жылы Жаңакүш елді мекенінде орталықтандырылған ауызсу құбыры жүргізіледі деген жоспарымыз бар», - деді ТҮКШ ЖК және АЖ бөлім басшысы Н.Өксікбайұлы.

Төлеби ауданы, Ленгір қаласы қазіргі таңда ауызсу тасымалдаушы мекемесінің теңгеріміне толығымен өтті. Бүгінде тұрғындарға тұрақты сапалы ауыз су берілуде.

Айта кетейік, «Елді мекендерді сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамыту» мемлекеттік бағдарламасы аясында Төлеби ауданында тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамту қарқынды жүргізіліп жатқанын көріп қайттық. Атап айтатын болсақ, Алатау елді мекенінің ауыз су құбырының құрылыс жұмыстарына 280 991,0 мың теңге бөлінген. Жобаны «КазНур-констракшн» ЖШС мердігер мекемесі жүргізуде. Нысан тамыз айында пайдалануға беріледі, 2072 тұрғын ауызсумен қамтылады. 1080 тұрғыны бар Сарқырама елді мекенінде ауызсу тарту жұмыстарына 187 654 мың теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Нысан тамыз айында беріледі деп күтілуде.   

Төлеби ауданында 5 елді мекен ауызсумен қамтылмақ

Пресс-тур соңында БАҚ өкілдерімен кездескен Төлеби ауданының әкімі Бауыржан Омарбеков Киелітас елді мекеніндегі М.Әуезов атындағы орта мектебінің спорт залы, акт залы, асхана, шеберхана, кітапхананың құрылыс жұмыстары мен Кемеқалған ауыл округі, Абай ауылындағы «Қазығұрт бақтары» АШӨК жұмысымен, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» аясында туристерге қолайлы болу үшін «Ғайып Ерен – Қырық шілтен» зиярат ету орнында 200 адамға арнап салынған қонақ үйдің жұмыстары мен Жастар жылына байланысты атқарылатын жоспарларымен бөлісті.

Төлеби ауданында 5 елді мекен ауызсумен қамтылмақ

«Биыл Төлеби ауданында 6 білім беру мекемесінің ғимараты салынады. Оның ішінде Киелітас елді мекеніндегі М.Әуезов мектебінің құрылысына 2018 жылы облыстық бюджеттен 250 млн теңге бөлініп, толығымен игерілді. Биыл нысанның құрылысына облыстық бюджеттен қалған қалдық қаражат 74 985,5 теңге қаралды. Нысан жаңа оқу жылына дейін пайдалануға беріледі. Ал аудандағы қарқынды бауға келетін болсақ, егіс көлемі 342 гектарға жетті. 2018 жылы 78 га егілсе, биыл 138 гектар жерге егілді. «Қазығұрт бақтары» АШӨК-нің 120 гектарына алма бауы егілген. Жалпы, егіс алқабына 1 млрд 650 млн теңге бөлінген. Өздеріңіз байқағандай, баудың жанынан әкімшілік ғимараты, қойма және алма өнімін қайта өңдеу кәсіпорнының құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Бұдан бөлек, осы жылы Зертас ауылында да «Құрайыш» АШӨК 18 гектарға қарқынды алма бауы егілді», - деді аудан әкімі.

Аудан әкімінің айтуынша, былтыр 2018 жылы «Төлеби ойындары» деген спорттық іс-шара басталған болатын. Жастар жылына орай, 2019 жылы осы спорттық шараны тағы да жалғастыру ойында бар. Оған тиісті қаражат қаралған.

«Спорттың 7-8 түрінен әрбір ауылдық округтің ауыл жастарын тартамыз. Бұл бір күндік іс-шара емес, жарыста іріктелгендерді ауданға өткіземіз», - деді аудан әкімі Бауыржан Бақытұлы.

Өзгелердің жаңалығы