Бас жаңалықтар
Тоқтарбай Қадамбаев: Елбасының ерекше қабілетіне әрқашан тәнті болатынмын
Сұхбат
24 Наурыз 2021, 15:13 258

Тоқтарбай Қадамбаев: Елбасының ерекше қабілетіне әрқашан тәнті болатынмын

Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. Тәуелсіздікке қол жеткізген жылдары ел еңсесін тіктеген шешімдер, Елбасының еңбегі, елдік мүдде туралы қоғам қайраткері Тоқтарбай Қадамбаевтың айтары көп. Мемлекеттік қызмет ардагері осы тақырыпта қойылған біздің бірқатар сауалымызға жауап берді. 


Тілші: Тоқтарбай Қадамбайұлы, Қазақстан тәуелсіз ел атанған жылдары жауапты қызметтер атқарып, бірқатар істің басы-қасында жүрдіңіз. Алдымен сол кезеңге сәл шегініс жасасақ. Елең-алаң шақта елге сенім ұялатқан қандай шешімдер еді?

Тоқтарбай Қадамбайұлы: Азаттық таңы атып, ел іргесі бекігелі отыз жыл зу етіп өте шығыпты. Тәуелсіздікке қол жеткізгеніміз кеше ғана сияқты еді. Кеңестік жүйенің құрсауынан құтылған өзге жас мемлекеттер сияқты біз де тығырықтан шығар дұрыс жолды таңдай білдік. Сол жолда қанша сүрінсек те, мұқалмадық. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халықты қайтсем тар қыспақтан алып шығамын деп барын салды. Тәуекел етіп, қиындық атаулыға қарсы тұрды.

Сол жылдары Қостанайда мемлекеттік мүлік бойынша аумақтық комитеттің төрағасы қызметінде жүрген едім. Өте бір күрделі кезең. Халық әуелде нарықтың қатынастың, жекешелендірудің не екенін түсінген жоқ. Шыны керек, біздің өзіміз де дұрыс түсіне қоймадық. Алматыда жекешелендіруге қатысты семинарлар жиі өтетін. Оған Президенттің өзі қатысып, әр мәселені бүге-шігесіне дейін түсіндіретін. Ол кезде мықты совхоздар, колхоздар көп еді. Шаруасы шатқаяқтап, көш соңында ілбіп жүргендері де баршылық. Ауыл шаруашылығы құрылымдарын жекешелендіргенде әлгі «құр сүлдері» қалған шаруашылықтарды алдыңғы қатарлы кеңшарларға қосуға тырыстық. Мәселен сол кездегі Ворошилов кеңшарын жекеменшігіне алып, кейін әлгі шаруашылықты қуатты «Қарабатыр» агрофирмасына айналдыра білген марқұм Жәзит Құдайқұлов ағамызға маңайындағы совхоздарды қосақтап бердік. Өкінішке қарай, көптеген шаруашылық басшысы мұны түсінген жоқ. Қорықты. Бірақ бұл түбінде өзінің дұрыстығын ақтап шыққан шешім болды...

Мемлекет барлық күш-қуатын экономикаға жұмылдырып, дағдарыстан қысқа мерзім ішінде шыға білді. Елге көптеген инвестор келді. Бұл орайда Елбасының батыл қадамдарға барғанын атай кеткен жөн. Бұған дәлел көп. Мысалы 1994-1995 жылдары Қазақстан экономикасына шетелден 3 млрд доллардан астам қаржы құйылған. «Арнайы инвестициялық жобалардың арқасында өнеркәсіпте таяуда ғана үмітсіз деп саналған жағдайдың біразын түзеудің сәті түсті. Өндіріс қазақстандықтардың көз алдында қайта дамып, олардың дағдарысты жеңеміз деген сенімі нығайды», - деп жазды Н.Назарбаев «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында.

Тарихымызды түгендеп, шекарамызды шегендеп, ділімізге қайта бет бұрдық. Мемлекеттік рәміздер қабылданып, ұстанымымыз айқындалды. «Қазақстан-2030» стратегиясындағы міндеттер уақытынан бұрын жүзеге асты. Міне елге сенім ұялатқан осы жетістіктеріміз еді.

Тілші: Сонау қысылтаяң кездері Қостанай облысын басқардыңыз. Сол кезеңде қандай мәселелермен бетпе-бет келдіңіздер және қандай батыл шешімдер қабылдауға тура келді? Мысалы мектепті үздік бітірген түлектерді жоғары оқу орындарына сынақсыз қабылдауды қолға алдыңыздар. Бұл кадр тапшылығы мәселесін шешуге бағытталған тиімді амал болды. Солай емес пе?

Тоқтарбай Қадамбайұлы: Президент Н.Назарбаев сенім білдіріп, 1995 жылы облыс әкімі етіп тағайындады. Бұл – үлкен жауапкершілік. Жаңа жүйе қалыптаспаған аса бір қиын шақ еді. Жұрт айлап еңбекақы ала алмай, ел іші кәдімгідей дағдарып тұрған өлара тұс. Экономика әбден әлсіреген. Қолымызда көк тиын қаржы жоқ. Не керек, барымызды салып, мәселенің қосымша шешімдерін қарастыруға тура келді. Алты-жеті ай жалақы алмаған жұрт енді не істеуі керек? Халыққа ұн, шәй, қант үлестірдік. Енді бірімен малдай есептестік. Сол кезде аудан, қалаларды басқарған азаматтар, белгілі кәсіпкерлер ұзақ жылғы мол тәжірибелерінің арқасында елді тығырықтан аман-есен алып шықтық. Халыққа рухани дем бердік. Сол жылдары қандай қиын уақыт болса да бір адам қыңқ деген жоқ. Айлық сұрап бір адам көшеге шықпады. «Бірер жылға қоян терісі де шыдайды, қарағым, шыдаймыз ғой» десті сонда қариялар. Осы сөз міне, менің әлі құлағымнан кетпейді.

Қаржы тапшылығынан көптеген жоғарғы оқу орынны, медициналық мекеме жабылудың сәл-ақ алдында тұр еді. Не істемек керек? Егер жабылса, олардың қайта еңсе тіктеуі неғайбыл еді. Бәрін сол күйі сақтап қалуға тырыстық. Сөйтіп орта мектепті үздік бітірген түлектерді жоғарғы оқу орындарына – институттар мен университеттерге емтихансыз қабылдау туралы шешім қабылданды. Әр факультеттің үздік деген бір-бір студентіне жиырма мың теңге көлемінде шәкіртақы берілді. Сол жылдары алғаш рет облыс әкімінің стипендиясы тағайындалды. Бұл сол уақытта талапты жастарды Ресейге, басқа да шет мемлекеттерге жібермей, ұстап қалудың жалғыз ғана жолы-тұғын. Егер оқуды үздік бітірген жастар шетел асқанда, елде мықты мамандар шоғыры қалыптаспас еді.

Тілші: 2007 жылы Парламент Мәжілісіне депутат болып сайландыңыз. Бұл сіздің Тәуелсіздікпен бірге тұлға ретінде толысқан шағыңыз десек қателеспейтін шығармыз...

Тоқтарбай Қадамбайұлы: Мені өсірген – еңбек, тәрбиелеген – ел. Парламент қабырғасында жүргенде ел газеті – «Егемен Қазақстан» бетінде былай деп толғанғаным бар: «Туған жерге деген махаббат Отанға деген ұлы сүйіспеншілікке ұласатыны анық. Туған жеріңді сүймей, еліңді, Отаныңды сүйе алмайсың. Осындайда Елбасымыздың «Өз халқын сүйген адам ғана оның тағдыры үшін күйе алады» деген сөзі ойға оралады. Ел көшінің ілгерілеуі мен еңсесінің биік, мәртебесінің ұлық болуы әркез сол көшті бастайтын адамның жасайтын қадамына байланысты болады. Аталарымыздың «Ұлы жол үйіңнің табалдырығынан басталады» деуі тегін емес».

Мәжілісте депутат бола жүріп, елге қажетті көптеген заңның қабылдануына атсалыстық. Әртүрлі пікірталастарға куә болдық. Алайда әртүрлі пікірде болғанымызбен бір мүддеге жұмыс істедік. Елдік мүдде бәрінен биік тұрды. Мені ғана емес, басқа да замандастарымды осы мүдде тұлға ретінде қалыптастырды, жетілдірді, елге танытты деген ойдамын.  

Тілші: Әнұраны, Ел Туы, Елтаңбасы, «Қазағымның, - дейміз біз, қолтаңбасы.

Белгілермен осынау қасиетті

Басталады әрқашан көштің басы, - деп өлең жазған екенсіз. Бір кітабыңызды түгелдей Елбасы Н.Назарбаевқа арнапсыз. Оның шығу тарихына тоқталып өтсеңіз...

Тоқтарбай Қадамбайұлы: Негізі екі кітап шығарған едім. Біреуін туған жеріме арнап, «Толқыған Торғай, Тобылым» деп атадым. Оның ішінде балалық шағым, өскен ортам, елдің азаматтары туралы жыр шумақтарым бар. Ал Елбасына арнаған өлеңдерім шынайы ризашылықтан туындаған еді. Көптен жинақтап жүргенмін, кітап болып жарық көрді.

Бұл кітаптарымды көпшілік Қазақ елінің қарапайым бір перзентінің Отанына деген кіршіксіз махаббаты, ел басқарған тұлғаға деген риясыз құрметі, жүрегінің лүпілі деп қабылдады. Расымен де, атымды шығарып, ақын атанайын, көзге түсейін деген ой менде мүлдем болған емес.

Мен әкім болып тұрған жылдары Нұрсұлтан Әбішұлы Қостанайға бірнеше рет келген еді. Әр сапары ерекше әсер қалдыратын. Халықпен кездесуі, айтқан әңгімесі маған үлкен ой салатын. Әр кездескен сайын Елбасының бойындағы қабілетке, айрықша қасиетке тәнті болып, көп нәрсе үйрендім.

Қызметте жүргенде Елбасыға шаң жуытпай, көкке көтеріп, ал лауазымнан түскен бойда ер-тоқымын бауырына алып, тулай жөнелгендерді көрдік. Сөзінің, уәжінің іліп алар дәні болса бірсәрі, тырнақ астынан кір іздеп, қисынсыз қиқарлық танытып жатқандар болды. Әрине кемшіліксіз қоғам болмайды. Қателіктерді Елбасының өзі де атап көрсетіп, соны жою жолында аянбай жұмыс істеді. Олар соны білсе де, білгісі келмейді.

«Қызметтен кеттім» деп Президентке өкпе арту парасаттылық белгісі емес. Өзіңе жүктелген істі тындырған соң, орныңа басқа басшы, өзге менеджер керек екені анық. Бұл – дүниежүзілік үрдіс, даму заңдылығы. Олай болса, мұндай заңдылыққа өкпе жүрмейді. Өз басым Елбасының қай шешіміне де түсіне қарап, кейінгі еңбек жолымда сенімді көмекшілерінің бірі болып қалуға тырыстым.

Тілші: Үлкендердің кейінгі буынға әрқашан айтары бар. Бүгінгі жастардың беталысына сіз не айтар едіңіз?

Тоқтарбай Қадамбайұлы: Басты құндылығымыз – Тәуелсіздік. Жастар осыны терең түсінсе деймін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында бұл кезеңді «болашаққа тың серпінмен қадам басатын маңызды мезет» деп атады. Мұны жас буынға артылған міндет деп түсіндім. Білімге, ғылымға сенер шақта есе жіберіп алмайық. Айтарым осы.

Тілші: Көп рақмет! Деніңіз сау болсын!


Фото: дереккөз
Загрузка...