Тоқаев Шарын шатқалында қаза болған мұғалімді марапаттады

1 Маусым 2021, 12:36
1413
Бөлісу:
Тоқаев Шарын шатқалында қаза болған мұғалімді марапаттады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шарын шатқалында қаза болған мұғалімді  (марқұм) «Ерлігі үшін» медалімен марапаттады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Президент Шарын шатқалындағы қайғылы оқиға кезінде қаза тапқан Мерей Ибрагимовтың жақындары мен туыстарына көңіл айтты. Мемлекет басшысы 29 мамыр күні Алматы облысындағы Шарын шатқалында болған қайғылы оқиғаны үлкен күйзеліспен қабыл алды. Қасым-Жомарт Тоқаев қайтыс болғандардың жақын туыстарына көңіл айтып, жарақат алғандардың тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді.

Шәкірттерін құтқарамын деп өзі құрбан болған білікті маман Мерей Нұрғазыұлы өмірін ұстаздыққа арнады. Оқушыларының сүйікті мұғалімі болды. Табиғат тосын мінез көрсеткен апатты жағдайда жас ұстаз батылдық танытып, оқушысына жанкештілікпен көмек көрсетуге ұмтылды. 26 жасында өмірден қыршын кеткен Мерей Нұрғазыұлының ерлігі мен жарқын бейнесі ұмытылмайды, – делінген көңіл айту жеделхатында.

Мемлекет басшысының Жарлығымен адам өмірін сақтап қалуға байланысты қиын-қыстау жағдайда көрсеткен ержүректігі мен жанқиярлығы үшін марқұм Мерей Ибрагимов «Ерлігі үшін» медалімен наградталды.

Адам өмірін сақтап қалуға байланысты қиын-қыстау жағдайда көрсеткен ержүректігі мен жанқиярлығы үшін Алматы қаласы «№ 199 мамандандырылған гимназия» КММ мұғалімі Мерей Нұрғазыұлы Ибрагимов «Ерлігі үшін» медалімен наградталсын (марқұм), - делінген хабарламада.

Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Өзгелердің жаңалығы