Тоқаев: Мектептегі зорлық-зомбылық – барлық мемлекеттік орган жұмысындағы кемшілік

7 Ақпан 2019, 11:11
3556
Бөлісу:
Тоқаев: Мектептегі зорлық-зомбылық – барлық мемлекеттік орган жұмысындағы кемшілік

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде құқық бұзушылық пен қылмыстардың 50%-ын жастар жасайтынын айтты.


«Қазақстан – жас мемлекет. Әрбір екінші қазақстандықтың жасы 30-дан төмен болса, азаматтарымыздың орташа жасы 34-тен аспайды. (...) Қазір бүкіл қоғамның назары балалар мен жас жеткіншектерді құқықтық және өнегелік тәрбиелеу мәселесіне аударылып отыр.

Өздеріңіз де жақсы білесіздер, баса назарды қажет ететін әлеуметтік проблемалардың бірі – жастар арасындағы қылмыс. Жыл сайын елімізде жасалатын құқық бұзушылық пен қылмыстардың 50%-ға жуығын жастар жасайды. 2017 жылы  барлық қылмыс жасағандардың 46%-ы 14 - 29 жас аралығындағы жастар болған. Біздің мектептердегі зорлық-зомбылық, күш көрсету, қудалау, қорқыту, кемсіту жағдайлары қоғамдық резонанс туғызды. Бұл жағдайлар жайлы бұқаралық ақпарат құралдары мен қоғамдық қор қызметінің арқасында белгілі болды», - деді Тоқаев Жастар саясаты жөніндегі дөңгелек үстел барысында.

Сенат төрағасының айтуынша, мектептерде орын алып отырған зорлық-зомбылық жағдайлары – барлық мемлекеттік органдар жұмысындағы кемшілік.

«Бұл мәселеге көз жұмып қарауға болмайды. Осы түйткілдің шығу себептерін анықтап, мектептерді жайлаған қорқыныш пен үрейден түбегейлі құтылу үшін нақты шаралар қолдану қажет. Бұл мұғалімдердің, ата-аналар мен жастар ұйымдарының, барлық деңгейдегі әкімдердің және тұтас қоғамның алдындағы маңызды міндетке айналуы тиіс», - Қасым-Жомарт Тоқаев.

Атап өтсек, Сенатта «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру және Жастар жылын өткізу аясында мемлекеттік органдардың, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың алдында тұрған міндеттер туралы» дөңгелек үстел өтіп жатыр. 

Шараға қоғамдық даму, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, білім және ғылым, ақпарат және коммуникациялар, денсаулық сақтау, ішкі істер министрліктерінің, Астана және Алматы қалаларының, бірқатар облыстардың басшылары, жастар ұйымдарының көшбасшылары қатысып отыр. 

Шара барысында Жастар жылының ашылуы кезінде Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың көтерген бастамаларының жобаларын іске асыру мәселелері қаралуда. Пікірсайыс жастардың жұмысқа орналасуы мен тұрғын үймен қамтамасыз етілуі, жеткіншек ұрпақтың білім алуы мен тәрбиесі секілді өзекті мәселелерге арналған. Әзірленген ұсыныстар жастар мәселелері жөніндегі қолданыстағы заңнаманы жетілдіруге бағытталмақ.
Қымбат ЕЛТАЙҚЫЗЫ
Өзгелердің жаңалығы