ТМД беделді халықаралық ұйымға айналды – Тоқаев

15 Қазан 2021, 15:24
6093
Бөлісу:
ТМД беделді халықаралық ұйымға айналды – Тоқаев
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ТМД беделді халықаралық ұйымға айналды. Бұл туралы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД елдері Мемлекет басшыларының онлайн отырысында айтты.

Құрметті кеңес мүшелері сіздерді көргеніме қуаныштымын. Бірінші кезекте кездесуді ұйымдастырғаны үшін Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенкоға ризашылығымды білдіргім келеді. Бүгінгі онлайн шара ТМД-ның мерейтойлық жылында өтіп отыр, сондықтан да оның маңызы ерекше, - деді ел Президенті.

Тоқаев атап өткендей, осыдан тура 30 жыл бұрын Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен Алматыда мемлекет басшыларының тарихи кездесуі өтті. Онда Алматы декларациясы қабылданды. Бұл құжат жаңа тәуелсіз мемлекеттердің көп қырлы ынтымақтастығының берік негізін қалады.

Бүгінде ТМД посткеңестік кеңістіктегі ірі апаттардың алдын алуда шешуші рөл атқарды деп сеніммен айта аламыз. Біздің халықтар арасындағы өзара әрекеттестікті сақтауға өз үлесін қосты, және ТМД беделді халықаралық ұйымға айналды. Жылдар бойы ТМД кеңістігіндегі ортақ күш-жігердің арқасында ынтымақтастықтың тиімді тетіктері құрылды Берік нормативтік база қалыптасты, ынтымақтастықтың барлық дерлік саласында бірегей тәжірибе жинақталды, - деп атап өтті Мемлекет басшысы онлайн кеңесте.

Оның айтуынша, ТМД белсенді саяси диалогты дамытуға, қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға, сауда-экономикалық қатынастарды кеңейтуге жағдай жасауға қызмет етеді.

Елдер экономикасының тиімді интеграциясы ТМД-да еркін сауда аймағын құруға ықпал етті. ТМД аясында мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған қадамдар жоғары бағаға лайық. Біздің кездесу нәтиже беріп, ТМД елдерінің көп қырлы өзара іс-қимылының жаңа кезеңін ашады, - деп айтты Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өзгелердің жаңалығы