Бас жаңалықтар
Тікұшақ апаты: Бүгін төрт әскери қызметшінің мәйіті туған жеріне жеткізіледі
01 Сәуiр 2019, 16:11 547

Тікұшақ апаты: Бүгін төрт әскери қызметшінің мәйіті туған жеріне жеткізіледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Тікұшақ апатынан қаза тапқан 9 әскери қызметші жерленді. Ал төртеуінің мәйіті бүгін туған жерлеріне жеткізіледі. Бұл туралы ҚР Қарулы Күштері Әскери-әуе күштерінің қолбасшысы Дәурен Қосанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтты. 

«Біріншіден, Әуе қорғанысы күштері атынан 13 жігітіміздің отбасына көңіл айтамын. Қайғымызда шек жоқ. 27 наурыз күні Нұр-Сұлтан уақыты бойынша 18.20-18.30 минут арасында біздің төрт тікұшақ Ақтау қаласынан Шымкентке ұшып келе жатқан кезде Жалағаш ауылының маңында олардың бірі апатқа ұшырады. Бұл апатта тікұшақтың үш ұшқышы және он сарбазымыз қайтыс болды. Әуе кемесінде біздің майор Роман Костыгов командир болды. Ол – 2-сынып ұшқышы. Апат жайлы естіген кезде сол күні мемлекеттік комиссия Қызылорда облысының әуежайына ұшып шықты. Қазіргі уақытта 9 жігітті туған жеріне апарып жерледік. Бүгін елордада гендік сараптама өткізіліп жатыр. Төрт жігіттің мәйітін бүгін туған жеріне жеткіземіз деп ойлаймын», - деді Қосанов.  

2019 жылдың 27 наурызында Қазақстан ҚК ӘҚК Әскери әуе күштерінің тікұшағы апатқа ұшырап, экипаждағы 13 адамның барлығы қаза тапты. 4 тікұшақ Ақтау қаласынан Шымкентке қарай ұшқан. Ұшу түнгі уақытта метеорологиялық қиын жағдайда кешенді тексеріс және «Алтын жебе» арнайы бөлімшелерінің жаттығуы аясында іске асқан.  

Қорғаныс министрі, генерал-майор Нұрлан Ермекбаевтың бұйрығына сәйкес, ҚР Қорғаныс министрлігінің арнайы комиссиясы құрылып, оқиға орнына барды. Қорғаныс министрлігі мен Ішкі істер министрлігі бірлесіп, әуе апатының себеп-салдарын анықтау мақсатында тергеу басталып кетті. 

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-дегі жеке парақшасында тікұшақ апатынан көз жұмғандардың жақындарына көңіл айтты. 

Маңғыстау облысының әкімдігі тікұшақ апатынан қаза тапқан әскери қызметкерлердің отбасына 1 млн теңге қаржылай көмек көрсететінін хабарлады. Алайда Парламент Мәжілісінің депутаттары 1 миллион теңгенің «түк емес» екенін айтып, оларға жан-жақтан көмек көрсетуді сұрады.

Фото: ашық дереккөз
Загрузка...

Сізден жаңалық