Бас жаңалықтар
Тез бұзылатын тауарларға 3 сағатта сертификат ала аласыз
25 Мамыр 2020, 21:13 134

Тез бұзылатын тауарларға 3 сағатта сертификат ала аласыз

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі ережеге түзетулер енгізді. Енді тез бұзылатын карантиндік өнімдерге (жемістер, жидектер, көкөністер мен бақша өнімдеріне) фитосанитарлық және карантиндік сертификаттар үш сағат ішінде беріледі. Бұл туралы ҚР АШМ баспасөз қызметі хабарлады.

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын қолдау мақсатында Министрлік "Қазақстан Республикасының аумағын карантиндік объектілерден және бөтен түрлерден қорғау ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 29 маусымдағы № 15-08 / 590 бұйрығына өзгерістер әзірледі.

Бұл түзетулер карантиндік және фитосанитарлық сертификаттарды беру мерзімдерін 5 жұмыс күнінен 3 сағатқа дейін қысқартуды қарастырады.

Бұрын-соңды болмаған мұндай құжаттарды жылдам рәсімдеу кәсіпкерлерге үлкен көмек. Фермерлер мен саудагерлердің тез бұзылатын ауылшаруашылық өнімдерін сақтауға және тасымалдауға байланысты шығындарын да азайтады.

Тез бұзылатын өнімдерге (жемістер, жидектер, көкөністер, бақша өнімдері) сертификаттарды жылдам рәсімдеу мен берудің негіздері:

- ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің өтініштері;

- карантиндегі өнімнің ауыл шаруашылығы өндірушілері өтінім берген күнге дейін 2 күн бұрын алған импорттық фитосанитарлық талаптарға сәйкестігін растайтын фитосанитарлық сараптама қорытындысы.

Әділет министрлігінің ескертулеріне сәйкес Қазақстан Республикасының аумағын карантиндік объектілерден және бөтен түрлерден қорғау ережелері өзгертіліп, мүдделі мемлекеттік органдарға қайта бекітуге жіберілді.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...