Терминкомда ондай сөздер бекітілмек тұрмақ, қаралған да емес

12 Сәуір 2019, 10:55
3395
Бөлісу:
Терминкомда ондай сөздер бекітілмек тұрмақ, қаралған да емес

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Парламент Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов «Терминдердің БАҚ саласында орнығуының мәселелері» атты баяндамасында қазіргі кезде мәдениеттіліктен гөрі мазаққа көбірек ұқсайтын «терминдерге» тоқталды.

«Баспасөз бетінде қылаң беріп қалатын, әлеуметтік желілерде жиі-жиі келеке етілетін «қылтима» (балкон), шаптырма (фонтан), сарықисық (банан), былқима-сылқима (диван-кресло) сияқты тұрпайы терминсымақтарға қатысты айтарымыз мынау: мемлекеттік Терминология комиссиясында ондай сөздер бекітілмек тұрмақ, қаралған да емес, қаралмақ тұрмақ, ондай ұсыныстар жасалған да емес. Терминтанушы ғалым Сәрсенбай Құлмановтың бір сұхбатта журналистерге қарата айтқан: «Бұл сөздерді «мына кісі аударған» деген сөзді еш жерден оқыған да, естіген де емеспін. Сіз осы «аудармалардың» бірінің авторын айта аласыз ба? Айта алмайсыз? Себебі неде? Себебі, бұл – қазақ тілін мазақ еткісі келетін, әжуаламақ болғандардың арандатушылығы. Сондықтан, бәріміз, әсіресе журналистершылар, әрбір сөзге сақ болуымыз керек. Халықты тәрбиелеудің ең үлкен құралдарының бірі қазіргі кезде, қаласақ та, қаламасақ та, БАҚ, Интернет болып отырғанын мойындаймыз. Сондықтан, өсек-аяң, алыпқашпа әңгіме түрінде тараған жайттарға тосқауыл беретін сіздер» деген сөзіне сілтеме жасаумен шектеліп, осы тақырыпты қоя тұрмақшымыз», - дейді депутат.  

Ол термин жасауда оның жасалу шарттарын сақтау керектігін айтады.

«Терминнің негізгі ерекшеліктері мыналар: біріншіден, жүйелілігі, екіншіден, дефинициясы, яғни ғылыми анықтамасы, үшіншіден, моносемиялылығы, яғни әртүрлі мағына тудырмайтындығы, төртіншіден, экспрессияның болмауы, яғни, сезімге ерік бермеуі, бесіншіден, стильдік бейтараптылығы. Терминжасам ісінде осы талаптар сақталуы міндетті. Бір ұғымды бірнеше сөзбен қатар жеткізу тілді дәлсіздікке ұрындырмай қоймайды. Мұндай дәлсіздік халықаралық құжаттарда, әртүрлі іскерлік мәмілелерде, мүлікті кепілге қоюға, сатуға, тарту етуге қатысты нотариус қағаздарында, адам тағдырын шешетін қылмыстық істер анықтамаларында, сот шешімдерінде түсінбестікке, тіпті дауға соқтыруы да мүмкін. Әскер және қорғаныс салаларының терминдерінде бұған атымен жол беруге болмайтыны белгілі. Өкінішке орай, осы талаптар сақтала бермейді», - дейді Сауытбек Абдрахманов.

Өзгелердің жаңалығы