Таразда Халық қаһарманына арналған ескерткіш тақта орнатылды

12 Мамыр 2019, 14:37
3132
Бөлісу:
Таразда Халық қаһарманына арналған ескерткіш тақта орнатылды

Тараз, BAQ.KZ тілшісі. Тараз қаласында Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовке арналған мемориалды ескерткіш тақтайша орнатылды. Бұл шара батырдың 95 жылдық мерейтойы қарсаңында ұйымдастырылып отыр.

Сонымен қатар, осы күні Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрінің есімі облыс орталығындағы көшелердің біріне берілді. Батырды ұлықтауға Жамбыл облысы аумағындағы барлық әскери бөлімнің сарбаздары қатысты. Олар салтанатпен сап түзеп, мемориалды ескерткіш тақтаға гүл дестелерін қойды. Сондай-ақ, көпшілік Халық қаһарманының рухына тағзым етіп, жарқын бейнесін бір минут үнсіздікпен еске алды.

«Алдағы 23 мамыр күні Сағадат Нұрмағамбетов атындағы орта мектептің алдына батырдың дене мүсінін қоюды жоспарлап отырмыз. Бюст дайын тұр, тұғырын орнатып қойдық. Бұл шара бүгінгі буынның жадында батырдың есімін асқақтатудың бірден-бір үлгісі болары сөзсіз», - дейді Сағадат Нұрмағамбетов атындағы халықаралық қордың Жамбыл облыстық филиалы төрағасының орынбасары Асылбек Өмірзақов.

Айта кетейік, Сағадат Нұрмағамбетов тәуелсіз Қазақстан армиясының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып, еліміздің Қарулы Күштерінің қалыптасуына айрықша зор еңбек сіңірген.

Салтанатты рәсімге әскерилер, қоғамдық бірлестік өкілдері, белсенді жастар мен қала тұрғындары қатысты.

Өзгелердің жаңалығы