Төрегелді Шарманов: Педагогтар үзіліс кезінде балаларды далаға шығарғысы келмейді

19 Қыркүйек 2019, 15:13
4083
Бөлісу:
Төрегелді Шарманов: Педагогтар үзіліс кезінде балаларды далаға шығарғысы келмейді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Баланы тәрбиелеу дұрыс тамақтануды үйретуден басталады. Бұл туралы елордада өтіп жатқан І халықаралық Qarlygash-2019 ғылыми-практикалық конференциясында Қазақ тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шарманов айтты.

«Адамның денсаулық жағдайының 60%-ы дұрыс тамақтануына байланысты. Тамақтану сапасы жақсы мемлекеттерде тұратын адамдардың ғұмыр жасы ұзақ және өлім мен ауру-сырқау көрсеткіші төмен болады. Қазақстан халқының төрттен бір бөлігі оқушылар мен мектепке дейінгі мекемелерде тәрбиеленіп жатқан балалар», - дейді Төрегелді Шарманов. 

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жыл сайын 5 жасқа дейін көз жұматын балалардың үштен екі бөлігі дұрыс тамақтанбау нәтижесінде көз жұмады. Дұыс тамақтанбау нәтижесінде жаңа өмір жолына қадам басқан мектеп түлектері әртүрлі созылмалы аурулармен ауырады.

«Сәби үшін бір жасқа дейін ана сүтімен қоректену өте маңызды. Ақуыз, май және көмірсудың жетіспеуі салдарынан зат алмасу қызметі бұзылып, баланың бойы өспей қалуы немесе ақыл-есі дұрыс дамымай, әртүрлі дерттердің пайда болуына себепші болуы мүмкін», - дейді академик.

Сондай-ақ, ол мектеп жасына дейінгі балалардың таза ауада тыныстауы өте маңызды екенін айтты.

«Мен көптеген педагогтармен жұмыс істеп көрдім. Неге екенін білмеймін, олар үзіліс кезінде баланы далаға шығарғылары келмейді. Бұл – бала үшін өте қажет дүние. Далаға шығып, таза ауа жұтып, қимыл-қозғалыста болған жағдайда ғана баланың дамуы дұрыс болады», - дейді ол.

Ғалым жақында 90 жасқа толатынын, осы уақытқа дейін денсаулығының сыр бермеуінің себебін айтты.

«Бала кезімде сүт, қымыз сияқты табиғи өнімдерді көп іштім. Туысым, көршім шақырып, жаңа сауылған саумал берсе ішіп алатынмын. Қазіргі қоғамда өмір сүріп жатқан балаларға осындай табиғи өнімдер қажет-ақ», - дейді Төрегелді Шарманов.


Өзгелердің жаңалығы