Бас жаңалықтар
"Тұлпардың ізі" фильміне арналған кітап жарық көрді
26 Сәуiр 2019, 15:30 1821

"Тұлпардың ізі" фильміне арналған кітап жарық көрді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. IV Еуразия халықаралық кітап көрме - жәрмеңкесі аясында, кинотанушы ғалым Нәзира Мұқышеваның "Әкім Тарази – кинодраматург "Тұлпардың ізі": Сценарийден фильмге дейін" атты жаңа кітабының тұсауы кесілді.

Кітап белгілі жазушы, драматург, кинодраматург Әкім Таразидің сценарийі бойынша түсірілген, қазақ киносының классикалық шығармаларының бірі – "Тұлпардың ізі" фильміне арналып отыр. Фильмнің негізгі діңгегі – сценарий. Фильмнің болашақ тағдырын да шешетін сол сценарий. Сондықтан кітапта ең алдымен фильмнің әдеби сценарийіне аса көңіл бөлінген.

"Бұл фильмді шығармашылық топтың ізі деп атауға болады. Кітапата фильмнің экранға шыққанға дейінгі әр сатысы суреттелген. Онда көркемдік кеңестің отырыстары, сценарийді бір рет емес, бірнеше рет қайтарып жібергені, сценарийге қарсы шыққан тұстар да жазылған. Фильмнің сценарийінде, жігерлі шығармашлық топтың іздері сайрап жатыр. Кітапта туындының қалай түсірілгені терең зерттелген. Бір фильмге арналған бір кітап. Әдетте фильм әдеби шығарманың негізінде түсірілсе, бұл кітап фильм негізінде шығарылған құнды дүние. Кітапта Қазақфильм киностудиясында жұмыс істеген талай майталман режиссерлердің еңбегі жатыр. "Тұлпардың ізі" шындықты көрсеткен фильм. Прокат мәселесіне келсек, кеңес үкіметі фильмнің таралуына мүмкіндік бермеді, өйткені онда шындықтың ізі сайрап жатты", - деді режиссер Сламбек Тәуекел.


Кітаптың "Тұлпардың ізі": сценарийден фильмге дейін" деп аталатын алғашқы бөлімінде Әкім Таразидің жоғары сценарлық курста дипломдық жұмысы ретінде жазған "Жазирадан" бастап, "Жанарымда – Шолпан жұлдыз" және өндіріске жіберілген соңғы нұсқасы – "Тұлпар" әдеби сценарийлері мен режиссерлік сценарий, фильмді түсіру және оны экранға қабылдау кезеңдері баяндалған. Оған қоса әдеби сценарийдің барлық нұсқасы мен режиссерлік сценарий, фильм бойынша "Қазақфильм" киностудиясының сценарлық бөлімінде және көркемдік кеңесінде өткен талқылау жұмыстары да қамтылған.

"Кітап тұтасымен архив құжаттарының негізінде дүниеге келді. Өкінішке орай барлық құжаттар орыс тілінде болды. Кітап қазақ тілінде жазылғандықтан мүмкіндігінше тұпнұсқасынан алшақтамауға тырыстық. Кітапты жазған кезде нақты үлгі болмады. Сондықтан бұл кітапты еркін түрде жазуға тырыстым. Режиссер Мәжит Бегалин мен сценарист Әкім Таразидің тамаша тандемінен шыққан фильм классикаға айналды", - деді Нәзира Мұқышева

"Әкім Тарази – кинодраматург. "Тұлпардың ізі": сценарийден фильмге дейін" – архив құжаттары негізінде фильмнің сценарийінен бастап, түсіріліп шыққанға дейінгі тарихы қамтылған қазақ кинотану саласындағы алғашқы еңбек.  

ыныда да бұл бір фильмге арналған алғашқы кітап. Оңай болған жоқ. Алматыда Қазақстан орталық мұрағаты бар. Театр, киноға байланысты алтын қордың бәрі сонда жатыр. Көптеген тарихшылар сол құжаттар арқылы үлкен еңбектер шығарып жатыр. 1960 жылдары түсірілген қаншама фильмдер жатыр мұрағатта. Фильмдер дүниеге қалай келді, қалай шыққаны туралы біз біле бермейді екенбіз. Ал оны біз және кейінгі ұрпақ білу керек. Оның арғы жағында фильм тағдырымен қатар, үлкен суреткерлердің, кинематогрфистердің шығармашылығы мен тағдыры жатыр", - деді кинотанушы.

 Тұсаукесер барысында Нәзира Рахманқызы сол кездегі талқылау кеңесінің ерекшеліктеріне де тоқталды.

"Мен архивті қарастырған кезде бір таңқалғаным бар. Біздің көбіне бүгінгі киноға көңіліміз толмайды ғой. Неге? Өйткені біз көптеген фильмнің сценарийін дұрыстап пісіріп алмаймыз. Ал енді менің таңқалғаным бұл фильмнің сценарийі өндіріске кеткенге дейін бір жыл бойы талқыланған. Бір қарағанда ештеңе өзгермеген, мәселен сценарий желісі бойынша, тек кейіпкер сөзі немесе тұрысы шамалы ғана өзгерген. Алайда сол шамалы өзгерістер арқылы кейіпкерлердің бейнесі де, сценариий де түгел өзгеріп шығады екен", - деді кинотанушы ғалым.

Кітаптың екінші бөлімі – «Әкім Тарази прозасының кинематографиялық табиғаты» деп аталады. Бұл бөлімде жазушының прозалық шығармаларының кинематографиялық табиғатына талдау жасалды. Сонымен бірге "Тұлпардың ізі" фильміне негіз болған Әкім Таразидің "Тұлпар" сценарийі қосымша ұсынылған.

"Көп киноны көреміз. Көбінесе сценарий орысша жазылады. Орысша ұғымдағы адамдар қазақтың түсінігінен алыстау болады.Тілдік ерекшеліктері сақтала бермейді. Ал енді Әкім Тарази әлемі еркеше әлем. Әкім Тарази ағамыздың алпысыншы жылдардағы қазақ ауылының қарапайым өмірін көрсету ерлік болды. Ол кезде социалистік режимге бағыну болды. Бұл туындыны белгіленген шеңберден шығып, талас, пікір және тартыспен дүниеге келген фильм десек те болады. Бірақ өкішіке орай,прокатқа шыққан жоқ. Барымызды бағалау, нарымызды көтеріп көрсету, өзіміздің қалыбымыз мен қасиетімізді дәріптеу өзіміздің қолымызда. Сондықтан бүгінгі тұсауы кесілген кітапты қазақ кино өнеріндегі шоқтығы биік еңбек деп айтуға болады", - деді Нұртөре Жүсіп. 


Фото: автордан
Загрузка...