Қарағанды облысында тасқын су қаупі сейілді

1 Сәуір 2019, 08:35
2873
Бөлісу:
Қарағанды облысында тасқын су қаупі сейілді

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Бірнеше күннен бері еріген су мен жауған жаңбырдың әсерінен Қарағанды облысында су деңгейі көтеріліп, анталаған тасқын су елді мекендерге қауіп төндіруде. Елдің есін алған тілсіз жаудың беті қайтар емес. Өкінішке қарай, бір адам суға кетіп қаза болды.

Наурыздың соңы қарағандылықтар үшін жылдағыдай әбігермен басталды. 28 наурыздан басталған тасқын судың ауқымы күн сайын күшейіп, көптеген ауылға қауіп төндіріп, бірнеше үйге кірді, сондай-ақ, автожолдардың үстінен қызыл су жүріп кетіп, көлік қозғалысына кедергі келтірді. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті жағдайды барынша қадағалауға тырысқанымен, тілсіз жау ырық берер емес.

28 наурызда Жаңаарқа ауданында Манақа, Атасу өзендері арнасынан асып, Атасу станциясындағы тұрғын үйлерге лап берді. Сол күні елді мекендегі 7 үйді су басу қаупі туындаған.

«Атасу станциясында су бір көшемен және станцияға жақын өтті. Су басу мүмкіндігін жою үшін суды бұру жұмыстары жүргізілді, 200 м қорғаныш дуал тұрғызылып, 500 құм қаптары төселді. Су тасқынына қарсы шараларға жергілікті атқарушы органдар, ТЖ бөлімі, полиция, темір жол бөлімшесі, жергілікті тұрғындардың күші жұмылдырылды. 28 наурыз 08:00 сағатта су деңгейі төмендеді», - дейді ТЖД-нің ресми өкілі Жанна Дәуренбекова.

Осы күні Жаңаарқа ауданы Орынбай ауылында Сартбас төбесінен қар суының қарқынды келуінен 8 тұрғын үйді су басу қаупі туындаған. Су ауыл шетімен және ауылдың үш көшесімен өтті. Мұнда да су басуды болдырмау шаралар атқарылып, 160-тан астам ірі қара мал мен ұсақ малдар қауіпсіз жерге айдалды.

Сондай-ақ, 28 наурыз күні түнде Абай ауданы Құлайғыр ауылында қар еруі мен Топар өзені деңгейінің көтерілуі салдарынан 6 үй ауласы аумағын су басты. Жергілікті атқарушы органдардың және ТЖД бөлімшелерінің күшімен қорғаныс бөгеттерін нығайту, аула маңындағы аумақтардан суды сору жұмыстары ұйымдастырылған.

Осы күні облыстағы бірнеше тас жолдардың ернеуінен су асып кетіп, автокөліктердің қозғалысына кедергі келтірді. Қарқаралы ауданында республикалық маңызы бар «Қарағанды-Аягөз-Бұғаз», Шет ауданында республикалық маңызы бар «Ақшатау-Қызылорда-Павлодар» автожолдарын су шайған.

29 наурызда Шет ауданының Қызылқой өзенінде су деңгейінің көтерілуінен өзен арнасынан асып, Қызылқой ауылын су басу қаупі туындады. Ауыл шетінде орналасқан екі үйге су кірген.

«Оқиға орнына Қарағанды облысы ТЖД бөлімшелерінің күштері мен құралдары жіберілді. Ұзындығы 600 м, биіктігі 40 см болатын 1500 қапты төсеу арқылы Қызылқой өзенінің бойындағы дуалды нығайту, аулалардан суды сору, мұзды қолмен ұсату жұмыстары жүргізілуде. Су деңгейінің төмендеуі байқалады. Оқиға орнында жергілікті атқарушы органдар мен ТЖД бөлімшелері жұмылдырылған», - дейді Ж.Дәуренбекова.

«Бүгін бізге су апаты келді. Қораларға, үйге су кірді. Апат айтып келмейді ғой. Тілсіз жаумен күресуде көмекке келген облыстық төтенше жағдайлар қызметінің жігіттеріне алғысымды жеткізгім келеді. Суды сорып, мұзды арамен аралап, көп көмек көрсетті», - дейді Қызылқой ауылының тұрғыны.

30 наурыз күні облыс әкімі Ерлан Қошанов аймақтағы су тасқыны қаупі бар елді мекендерді тікұшақпен аралады. Әкім Самарқанд, Шерубай-Нұра, Жартас су қоймалары, Бұқар жырау, Қарқаралы, Абай және Шет аудандарының үстінен ұшып өтіп, Шет ауданы Қызылқой ауылына қонып, су тасқыны уақытында атқарылып жатқан шараларды қадағалады.

«Қызылқой ауылынан су кетті, 2 үй қалпында. Бірақ 9 үйдің ауласына су жеткен. Жергілікті билік ауыл тұрғындарына барлық қажетті көмек көрсетуде», - деп жазды Ерлан Қошанов «Twitter» әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

Қазіргі уақытта төтенше жағдайлардың алдын алу және көктемгі су тасқыны салдарын азайту мақсатында Қарағанды облысында авариялық-құтқару және шұғыл жұмыстар жалғасуда. ТЖД-нің мәліметінше, Сарысу өзендерінің бассейндерінде Шет және Жаңаарқа аудандарының аумағында судың жоғары деңгейі сақталуда. Сондай-ақ, Нұра, Шерубай-Нұра өзендерінде де көтерілу байқалуда.

«Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаментінің дағдарыс орталығында су тасқынына қарсы штаб жұмысы жалғасуда. Облыс аумағындағы ахуалдың мониторингі жүзеге асырылады, облыстың жергілікті атқарушы органдарымен, азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің аумақтық кіші жүйесінің басқару органдарымен тұрақты өзара іс-қимыл қамтамасыз етіледі. Күн сайын су объектілеріндегі гидрологиялық жағдайды бақылау жүргізіледі», - дейді ТЖД-нің баспасөз қызметі.

31 наурызда республикалық, облыстық және жергілікті маңызы бар тас жолдардың 9 учаскесінде еріген су жолдың ернеуінен асып, су ағу жағдайлары орын алды. Облыс өзендерінде мұз кептелістерін алдын алу мақсатында жару жұмыстары жалғасын табуда. Өткен тәулікте Осакаровка, Нұра, Бұқар жырау аудандарының Қарғалы, Сабырқожа, Жаманқон және Өткелсіз өзендерінде мұз жарылды.

Осы күні Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы Садовое ауылына да тасқын су қауіп төндірді. Оқиға орнына Қарағанды облысы ТЖД, Ұлттық Ұлан №52859 әскери бөлімінің күштері мен құралдары жұмылдырылған. ТЖД-нің мәліметінше, жағдай үнемі бақылауда. Ауыл тұрғындары қауіпсіздік шаралары туралы ақпараттандырылған, әзірге эвакуациялау орындалған жоқ.

Өкінішке қарай, көктемгі тілсіз жау салдарынан Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, Атасу ауылының тұрғыны суға кетіп қаза болды. 1963 жылы туылған ауыл тұрғыны 29 наурыз күні мал іздеуге шығып, қайтып оралмаған. Төтенше жағдайлар қызметі марқұмның денесін 30 наурыз күні тапқан.

«29 наурыз күні 21 сағат 28 минутте кезекші бөлімге Атасу ауылының тұрғынының жоғалуына байланысты хабарлама түскен. Құтқару-іздеу шараларына Қарағанды облысы ТЖҚ –нің қызметкерлері мен жергілікті тұрғындар жұмылдырылған. 30 наурыз күні 13 сағат 37 минутта Атасу елді мекенінен 6 шақырым жерден ер адамның мәйіті табылды. Сот-медициналық тексеріс тағайындалды. Оқиғанның мән-жайы анықталуда», - дейді ТЖД-нің ресми өкілі Жанна Дәуренбекова.

Облыстық төтенше жағдайлар қызметі тұрғындардан су тасқыны кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтауды сұрайды.

«Көктемгі қарқынды қар еру, ұзақ қолайсыз ауа райы, мұз жүру кезінде төмен өзен жағалауларында тоқтамаңыз. Өзен сағаларында және су қоймалары бөгеттеріне жақын орналасқан саяжай учаскелеріне барудан бас тарту керек. Өзендердің, арналардың, терең және кең жыралардың үстінен өтетін құбырлар мен басқа құрылымдардан өтпеңіз. Жазатайым оқиғаны болдырмау үшін белгіленбеген және белгісіз жерлерде өзендер, каналдар және басқа да су қоймалары арқылы мұз үстімен өтуге және жүруге болмайды. Балаларға өзендірдің, қазаншұңқырлар, мен терең жыралардан жанында ойнауға тыйым салу керек», - дейді Ж.Дәуренбекова.

 

Өзгелердің жаңалығы