Бас жаңалықтар
Студенттер қашан толығымен дәстүрлі форматқа ауысады?
18 Ақпан 2021, 16:19 463

Студенттер қашан толығымен дәстүрлі форматқа ауысады?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ОКҚ-де жоғары білім сапасын арттыру бойынша өткен брифингте ҚР Білім және ғылым министрлігінің білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова журналистер сұрағына жауап берді.

Студенттер қашан толығымен дәстүрлі форматқа ауысады? – деп редакциямыз брифингке қатысушыларға сұрақ жолдады.

Дәстүрлі форматқа ауысу бойынша Денсаулық сақтау министрлігі өз тарапынан тиісті шешімді қабылдайды. Бастысы – бұл эпидемиологиялық жағдайға байланысты. Егер тиісті рұқсат болса, онда ЖОО да қуана дәстүрлі форматқа көшеді. Студенттер де, оқытушылар да қуана ауысады, - деп жауап берді Көбенова брифингте.

Айта кетейік, еліміздегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты студенттердің басым көпшілігі қашықтан білім алып жатыр. Республика аумағында коронавирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК-тың шешімі бойынша І курс студенттеріне оқыту аралас форматта ұйымдастырылатын болады. Яғни дәрістер онлайн форматта, ал семинарлар, практикалық-зертханалық сабақтар күндізгі форматта өтеді.

Еске сала кетейік, Қазақстанда 100-ден аса ЖОО жұмыс істейді. Білім алушылардың контингенті 600 мыңнан аса адамды құрайды. 2020 жылдың қыркүйек айында COVID-19 індетіне байланысты ЖОО оқыту қашықтан және аралас форматта басталды.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...