Өскеменде «Шетелдегі қазақтар» кітаптар сериясының көрмесі ашылды

28 Ақпан 2019, 11:45
3979
Бөлісу:
Өскеменде «Шетелдегі қазақтар» кітаптар сериясының көрмесі ашылды

Өскемен, BAQ.KZ тілшісі. А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының бастамасымен жарық көрген «Шетелдегі қазақтар» кітаптар сериясының көрмесі ашылды.

Қоғам өкілдерінің, мәдениет қызметкерлерінің, кітапханашылар мен студенттердің басын қосқан шарада Дүние жүзі қазақтары Қауымдастығының ШҚО филиалы төрағасы Әскерхан Ақтай Қауымдастық қызметі жайлы әңгімеледі. Көрме барысында тарихи отасынан тыс және еліне оралған өнер қайраткерлерінің «Шетелдегі қазақтар» сериясымен әр жылдары жарық көрген еңбектерін насихаттау төңірегіндегі жұмыстар сараланды.

Сондай-ақ, іс-шараға қатысқан Облыстық мәдениет саласы қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Түсіпхан Түсіпбекұлы, Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығының директоры Эльдар Төлеубеков, ақын, Дүниежүзі Қазақтары Қауымдастығының мүшесі Қызырбек Дүргінбайұлы этникалық қазақтардың шығармашылығы, Дүниежүзі Қазақтары Қауымдастығының атқарып жатқан жұмыстары жайлы ойларымен бөлісті.

«Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының мақсаты – Ұлттың рухани бірлігін нығайтуға бағытталған шетелдегі қазақ диаспорасының шығармашылығына қолдау көрсету. Қазақтың ұлттық мәдениетінің рухани байлығын сақтап, дәріптеуге шетелдегі қазақ диаспорасы елеулі еңбек қосып жатқаны белгілі. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында тарихтан сабақ ала отырып, қазіргі заманды жете түсінбей қоғамдық сананы жаңғырту мүмкін еместігі айтылады. Сол себепті, еліміздің және әлемнің өткені мен бүгінін қайта ой елегінен өткізу –дүниетанымдық, идеологиялық жұмыстың бір бөлігі», - деді шара барысында сөз алған Дүние жүзі қазақтары Қауымдастығы ШҚО филиалының төрағасы.

«Шетелдегі қазақтар» сериясымен жарық көрген еңбектердің қатарында Қытай, Моңғолия және басқа елдердегі қазақ диаспорасы жайлы ғылыми-зерттеу жинақтар, Қытайда қазақ жазба әдебиетінің негізін салушылардың бірі Қажығұмар Шабданұлының «Пана» романы, Өзбекстандағы қазақ ақындарының «Алтын алқа» өлеңдер жинағы, Халифа Алтайдың Алтайдан қоныс аударушылар жайлы жазылған «Алтайдан ауған ел», Қытай ғалымы Су Бихайдың қазақ мәдениетіне арналған «Қазақ мәдениетінің тарихы» және тағы басқа шығармалар бар.

«Кітап көрмесінде оқырман қауымға Арғынбай Жұмажанұлының «Балапан қаз», Арғынбек Апашбайұлының «Жыр-ғұмыр», Абданбай Бажаевтың «Күн өз кеудеңнен туады» және Өнерхан Өгізбайлының «Тағдыр талқысында» кітаптары да ұсынылады. Көрмеден орын алған Ботагөз Уатқанның «Атажұртқа жеткен көш» кітабында ХХ ғасырдың 90 жылдарында Моңғолиядан атажұртқа бет алған алғашқы көш жайлы сөз болса, Монғолия қазақтарының азапқа толы көші туралы Сұлтан Тәукейдің «Арыстардың арманы» деректі романы баяндайды. Ал Серікқали Байменшенің «Дәнекер» эссе-әңгімелерінде Ресейде тұратын отандастарымыз жайлы мағлұмат беріледі», - деп қосты кітапханашы Ләзипа Шаймарданова.

Қоса кетсек, қазіргі таңда әлемнің 40-тан астам елінде тұрып жатқан қазақ диаспорасының саны 5 млн адамнан асады. Олардың ең көбі Қытайда – 1,5 млн, Өзбександа – 803 мың, Ресейде – 648 мың, Монғолияда – 101 мың, Қырғызстанда – 34 мың, сондай-ақ Түркменстан, Түркия, Канада, Иран, Украина, БАӘ, Германия, Ұлыбритания және тағы басқа мемлекеттерде тұрып жатыр.

Азамат ТЕМІРБЕКОВ

Фото: А.С. Пушкин атындағы ШҚО кітапханасы

Өзгелердің жаңалығы