Сириядан қайтарылған 7 қазақстандыққа қатысты қылмыстық іс қозғалды

10 Қаңтар 2019, 12:13
1766
Бөлісу:
Сириядан қайтарылған 7 қазақстандыққа қатысты қылмыстық іс қозғалды

Астана, baq.kz тілшісі. ҰҚК департаментінің басшысы Бақытбек Рақымбердиев Қазақстан азаматтарын Сириядан эвакуациялау жөніндегі гуманитарлық шараның қалай жүргізілгенін баяндады. 

«Әрине, осы операция бірнеше ай бойы жүргізілді. Өте көп қиыншылық болды. Жан-жақты мәселелер толыққанды тексерілді, талқыланды. Көп адамдар лаңкестік тұрғысынан «қайтарылған азаматтар жағынан қандай да бір қауіп бар ма?» деп сұрақ қояды. Тағы да айтайын: ол жағынан бәрі де тексерілді. Қазіргі таңда қайтарылған азаматтардың ішіндегі 6 ер кісі және 1 әйелдің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Осылар жайында және басқа қайтқан азаматтар турасында террористік әрекеттерге қарсы толығымен тексеріледі. Егер ондай жағдай дәлелденсе, әрине, қылмыстық жауапкершіліке тартылады», - деді Бақытбек Рахымбердиев.

 Ол бірнеше жыл бойы қақтығыстар болып жатқан Сирия, Ирак, Ауғанстан аймақтарынан бірнеше Қазақстан азаматтары қайтарылғанын атап өтті. 

«Олардың ішінде тек 40 пайызы ғана қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Қалғандарына алдын алу, оңалту шаралары жүргізілген. Сол үшін көпшілік ол турасында көп біле бермеуі мүмкін. Бірақ, біздің ойымызша, қайтарылған азаматтардан әзірше ешқандай террористік, лаңкестік қауіп жоқ. Бұл ретте ең басты мәселе – кішкентай балаларды қайтару болды. Өйткені, қайтарылғандардың басым көпшілігі – 1-5 жас аралығындағы балалар», - деді Рақымбердиев.

 Еске сала кетсек, 6 қаңтарда Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен құқық қорғау органдары мен Сыртқы істер министрлігі жүргізген гуманитарлық шара – «Жусан» операциясы нәтижесінде Сириядан 47 Қазақстан азаматы, соның ішінде 30 бала елімізге қайтарылған болатын.

Назерке Абибулла
Өзгелердің жаңалығы