Бас жаңалықтар
Шымкенттің агроиндустриалдық аймағында 30-ға жуық жоба жүзеге асады
29 Мамыр 2019, 18:28 393

Шымкенттің агроиндустриалдық аймағында 30-ға жуық жоба жүзеге асады

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Шымкентте агроиндустриалдық аймақ құру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Осы мақсатта агроиндустриалдық аймаққа арналған 136 га жер «Shymkent әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның балансына өткен. Бұл туралы Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Асқар Қаныбеков айтты. 

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев Шымкент қаласына 2018 жылғы 29 қыркүйектегі жұмыс сапарымен келгенінде мұнда Агроиндустриалдық аймақ құруды тапсырды. Қазір агроиндустриалдық аймақ түсетін жерді ресімдеу жұмыстары аяқталыпты. 

  

«Агроиндустриалдық аймақ құру ұзақмерзімді тапсырма. Толық іске асыру мерзімі 2021 жылға белгіленген. Аталған Агроиндустриалдық аймақта 30-ға тарта ауыл шаруашылығы өнімдерін сұрыптау, дайындау, буып-түю, қайта өңдеу кәсіпорындары және өндірістік жылыжайлар орналасады. Қазіргі таңда, Агроиндустриалдық аймақтың 136 га жер учаскесі «Shymkent әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның теңгеріміне ресімделді. Аталған аймаққа сыртқы инфрақұрылым, яғни электр энергиясы, су, газ, жылу, канализация сынды жүйелер мемлекет есебінен жүргізіледі. Біз осылайша инвесторларға инфрақұрылымы жүргізілген дайын жер телімдерін ұсынамыз», - деді Асқар Қаныбеков. 

Ол мұнымен қатар Шымкент қаласындағы ауылшаруашылық саласын, соның ішінде мал және егін шаруашылығын биылғы есебі мен алдағы жоспарларын баяндады. 


«Шымкент – жер аумағы үлкен қала. Қаланың жалпы аумағы 117 мың гектар. Соның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 63 мың гектарға жуықтайды. Бұған егістік және жайылым жері кіреді. Биыл соның 24 мың гектарына егін салу жоспарланып отыр. 2019 жылдың бірінші тоқсанында 12,6 мың гектарына егін түсті. Атап айтқанда, 4,9 мың гектарына масақты дәнді дақылдар, 3,3 мың гектарына көпжылдық шөптер, 2,4 мың гектарына майлы дақылдар және тағы басқасы егілді. Жұмыс жалғасады», - деді ол. 

Асқар Қаныбеков қаланың ауылшаруашылық жеріне қатысты қиындықтарды да атап өтті. Айтуынша, қаланың ауылшаруашылық жері ұсақ бөліктерден тұрады. 

«Мысалы, еліміздің солтүстік өңірлерінде бір шаруа қожалығы орташа есеппен кемінде 3-4 мың гектар жерге егіс егеді. Ал бізде, мәселен Сайрам тұрғын алабында кейбір шаруаларымыз гектарға емес, 8 сотық жерге егін егеді. Жер көлемінің аз болуынан қаламыздың тұрғындарына мемлекеттік қолдау беру немесе егістіктен түскен өнімінен пайда алу былай тұрсын, соған жұмсалған шығындарын толтыру мүмкін болмайды. Осы мәселені шешу үшін тұрақты түрде семинар өткізіп, аталған семинарларда шаруаларды кооперация құрып, жерлерін біріктіріп, мемлекеттік қолдауға қол жеткізу мүмкіндігін насихаттап жатырмыз. Бұдан бөлек Social Farm тұрақты егіншілік орталығымен қала жағдайында ауыл шаруашылығын дамыту, яғни үй іргелік жер телімінде (3-6 соттық) 500 мың теңгеден аса табыс табу немесе отбасыны жылдық азық-түлікпен қамтамасыз ету семинарларын өткіземіз», - деді Асқар Қаныбеков. 


Оның сөзінше, Шымкентте ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі жыл сайын артып келеді екен. Мұндай өсім мал шаруашылығында да, егін шаруашылығында да қатар байқалады. 

«Мәселен, 2015-2018 жылдары Шымкенттің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 9 млрд теңгеге артты. 2015 жылы бұл көрсеткіш 16,5 млрд теңгені құраса, 2018 жылы 25,3 млрд теңгеге жетті. Қаламызда қарқынды бау егу және тамшылатып суғару жүйелері тез дамып жатыр. Былтырдың өзінде осы мақсатта 400 гектар жер игерілді. Жыл басынан бері, 343 бас ірі қара мал, 2500-ге жуық бас уақ мал, 2 мыңнан астам бас құс, сонымен қатар 44 тонна қой еті, 27,5 тонна консервіленген балық экспортталды. 14 мың тоннадай мал азығы мен 91 мың тонна жүн экспортқа шығарылды»,-деді басқарма басшысы Асқар Қаныбеков. 



     


Фото: автордан
Загрузка...

Сізден жаңалық