Бас жаңалықтар
Шымкентте «Жолдағы қабылдау» акциясы өтті
06 Маусым 2019, 17:33 364

Шымкентте «Жолдағы қабылдау» акциясы өтті

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Шымкент жолдарында жемқорлықты болдырмау және алдын алу мақсатында «Жолдағы қабылдау» акциясы өтті. Акцияны Шымкент қаласы бойынша көліктік бақылау инспекциясы ұйымдастырды.

Ұйымдастырушылар республикалық маңызы бар А-2 «Шымкент-Ташкент» автожолының Ақжар елдімекені тұсында 40-тан астам жүк көліктерін тоқтатты.

- Біз тоқтатқан барлық жүк көліктерінің бір осіне түсетін салмағы 4 тоннадан асады. Жүк көліктеріне жатады. Көлік жүргізушілеріне олардың құқықтарын, көліктік бақылау жүргізудің тәртібін және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру турасында түсіндіру жүргіздік,-дейді Шымкент қаласы бойынша көліктік бақылау инспекциясы басшысының орынбасары О. Петухов.

Сондай-ақ, Көлік комитетінің ұйымдастыруымен жол тасымалдау саласындағы заңнама талаптарының бұзылуына куә болған жағдайда фото не видеоға түсіріп, Көлік комитетінің Ахуалдық орталығының +77080880800 «WhatsApp» мессенджеріне жолдаса, сол шағым тексеріліп, шара қолданылады.

Сонымен қатар алдағы уақытта қала тұрғындары ауыр салмақты жүк көліктерді тасымалдау және автомобиль көлігімен жүк тасымалдау қағидалары бұзылған жағдайлар бойынша фото не видеоға түсіріп, «WhatsApp» мессенджері арқылы жоғарыда көрсетілген нөмірге жолдаса, автокөлік иелеріне тиісті шара қолданылады.

Акцияға Шымкент көлік прокуратурасы, «Шымкент адалдық алаңы» жобалық кеңсесі, Шымкент қаласы бойынша жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, жергілікті полиция басқармасының өкілдері де қатысты. Мұндай акциялар алдағы уақытта жалғасады екен.

Бүгінгі таңда Шымкент қаласы бойынша 2811 шақырым автомобиль жолдары бар. Осы жолдармен ауыр салмақты Хово, Шансиман секілді және тағы басқа жүк көліктері белгіленген нормадан артық жүк тасымалдайды екен.

Енді соның алдын алу үшін алдағы уақытта жолдарға таразылар қойылады.

- Мәселен, Инспекция қызметкерлері тарапынан жеке тұлғаға тиесілі тіркемесі бар «Хово» карьер автокөлігін өлшеп-тексеру барысында жүкпен қоса алғандағы салмағы 74 тоннаны құрап, рұқсат етілген жалпы салмақтан 30 тоннаға артық болғаны анықталды. Артық салмаққа жол берген карьер автокөлігінің иесіне ҚР жүк тасымалдау ережесінің талаптарын бұзғаны үшін 481 мың теңге әкімшілік айыппұл салынды,-дейді Шымкент қаласы бойынша көліктік бақылау инспекциясы басшысы Ержан Жолдасов.

Сондай-ақ, биылдың сәуір айында ҚР көлік мәселелері бойынша бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бұған дейін ауыр салмақты бөлінетін және бөлінбейтін жүктерге де арнайы рұқсат құжаттары берілген болса, Жаңа заңға сәйкес 2019 жылдың тамыз айынан бастап ҚР жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарында ауыр салмақты бөлінетін жүктерді тасымалдау кезінде арнайы рұқсат құжаттары берілмейді. Яғни, ауыр салмақты бөлінетін жүктерді автомобиль көлігімен тасымалдауға ешқандай жағдайда да рұқсат етілмейді. Соған байланысты, көлік инспекциясы қызметкерлері бөлінетін жүктерді автомобиль көлігімен тасымалдау кезінде арнайы рұқсат құжаттарының берілмейтінін ескере отырып, салмақтық параметрлерін сақтап жүруді ескертеді.


Фото: автордан

Сізден жаңалық