ШҚО-да «Саламатты ана мен бала» айлығы қорытындыланды

16 Сәуір 2019, 21:03
2208
Бөлісу:
ШҚО-да «Саламатты ана мен бала» айлығы қорытындыланды

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Облыс әкімі Даниал Ахметовтың тапсырмасы бойынша қолға алынған аталмыш акция осы жылдың 12 ақпаны мен 12 сәуірі аралығында өткізіліп, 9 мыңнан астам көпбалалы отбасыға түрлі медициналық көмек көрсетілді.

Жалпы Шығыс өңірінде 26 146 көпбалалы отбасы тіркелген. Акцияның мақсатты тобы ретінде кәмелет жасына толмаған 4 және одан көп баласы бірге тұрып жатқан отбасылар таңдап алынды. Олардың саны 9 468 отбасыны құрады. Ақпан айының бел ортасында басталған акция нәтижесінде көпбалалы отбасылардың 40 мың мүшесі медициналық тексерістен өтті.

«Медициналық тексерістен өткен әйелдердің басым көпшілігінен тыныс жолдары мен гинекологиялық аурулар анықталған. Ал ақ халатты абзал жандардың қарауына келген балалардың 8 747-сінен, яғни тексерумен қамтылған балалардың жалпы санының 29,3%-ынан түрлі сырқат анықталған. Бұл дегеніміз әр төртінші баланың дерті бар деген сөз. Балалардың көпшілігінің тыныс алу жолдары ауыратыны анықталған. Кешенді медициналық тексерулер нәтижесінде 4 349 ана мен 7 636 балаға медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында амбулаториялық ем тағайындалса, 270 ана мен 415 балаға тәуліктік стационар жағдайында медициналық көмек көрсетілді», - деді ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Райфа Сафиоллинова.

Жауапты тұлғаның хабарлауынша, бұдан бөлек акция барысында учаскелік дәрігерлерден, психолог мамандардан, әлеуметтік қызметкерлерден тұратын медицина қызметкерлерінің бригадасы үй-үйді аралап медициналық тексеру ұйымдастырған көрінеді. Сонымен қатар баланы дамыту кабинеттерінде бес жасқа дейінгі баласы бар 4200-ден астам анаға дұрыс тамақтану, тұрмыста қауіпсіз орта жасау, жарақат алу мен оқыс оқиғалардың алдын алу жөнінде кеңестер беріліп, балалардың психикалық-физикалық дамуына бағалау жүргізілді.

Қоса кетсек, ана мен бала денсаулығын кешенді тексеру жұмыстары емханалардың медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында бөлген қаражаттарына жүргізілді. Ана мен бала денсаулығын медициналық тексеру пакетіне тар мамандық дәрігерлерінің кеңесі, зертханалық, ультрадыбыстық және сәулелік диагностика мен психологиялық-профилактикалық көмек енді.


Өзгелердің жаңалығы