Бас жаңалықтар
ШҚО-ның 3,2 мың тұрғыны бар екі ауылына таза ауызсу беріледі
24 Қазан 2020, 15:01 152

ШҚО-ның 3,2 мың тұрғыны бар екі ауылына таза ауызсу беріледі

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Биылғы жылдың соңына қарай Глубокое ауданының 3280 тұрғыны ауызсуға қол жеткізеді.

Глубокое ауданының Уварово және Тарханка ауылдарында үстіміздегі жылдың желтоқсан айына қарай аяқталуы жоспарланған елді мекендерді орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз ететін қос жоба жұмыстарының қазіргі уақытта басым бөлігі аяқталған. Жоба бойынша аталмыш елді мекендерге 76 шақырымнан аса су құбырлары төселіп, ауызсу үй аулаларының шетіне дейін жеткізіліп берілмек.

Аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Дамир Ордаханов құбыр салу жұмыстарының келісімшартқа сай, 2019 жылдың қазанында басталғанын айтады. Алайда, өткен жылы мердігер кәсіпорындар дайындық жұмыстарымен айналысып, құрылыс жұмыстарына қажет материалдарды сатып алған және сужинағыш құрылғыдағы жұмыстарды бастап қойған.

Биыл құрылыс жұмыстарын жалғастырдық. Нақты айтсақ, биылғы жылы негізгі магистральді жүйеге құбыр төселді. Ай соңына қарай ауызсу құбырларын төсеу жұмыстарын толықтай аяқтап, сонан соң ауыл тұрғындарының аулаларының шегіне дейін құбыр төсейтін боламыз, - деді Дамир Ордаханов.

Оның айтуынша, Уваровода аудан аумағындағы бірқатар елді мекен сияқты осыған дейін ауызсу мүлдем болмаған екен. Осыған орай, ауылдықтардың орталықтандырылған ауызсуға деген сұраныстары бас ауыртып, балтыр сыздатқан мәселеге айналған екен.

Бұл жобалар Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ауыл-аймақтардың орталықтандырылған ауызсуға қолжетімділігін 100 пайызға жеткізу туралы тапсырмасына орай қолға алынған. Біз біріншіден ауылдардың халқын жинап, қоғамдық тыңдау өткіздік. Ауыл тұрғындары келісім берген соң, құбыр төсеу жұмыстарын бастадық, - дейді бөлім басшысы.

Жауапты тұлғаның айтуынша, құрылыс жұмыстары негізінен республикалық бюджеттен қаржыландырылса, біраз бөлігі облыстық бюджеттен қосымша қаржыландырылған екен. Мысалы Уварово елді мекеніне құбыр тарту жұмыстарының жалпы сомасы 496,9 миллион теңгені құраса, оның он пайызын облыстық бюджет қосымша қаржыландырған.

Келісімшартқа орай, құбыр төсеу жұмыстарын биылғыжылдың соңына қарай аяқтамақ ниеттеміз. Желтоқсан айында құбырларға су жібереміз. Сонымен қатар мердігер кәсіпорынмен екі арадағы арнайы келісімге сәйкес, ауылдардағы аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға орталықтандырылған суды мердігер өз есебінен үйлеріне енгізіп береді, - дейді Дамир Ордаханов.

Ал ауылдардағы басқа санаттағы тұрғындар аулаларының шегіне дейін жеткізілген суды әрі қарай үй ішіне өз қаражаттарына енгізіп алулары керек. Бірақ, су шығынын есептейтін құрылғыларды сатып алуға міндетті емес. Мұндай құрылғылар жобамен бірге қарастырылған.

Жалпы, Тарханка елді мекеніндегі су құбырларын төсеу жұмыстарына бюджеттің 570,4 миллион теңгесі қарастырылған. Ауылдағы 1806 тұрғынды ауызсумен жарылқайтын жобамен 40 шақырымға таяу құбырлар салынып, 346 құдық орнатылмақ. Қазіргі уақытта ауылда 24 шақырымнан асатын су құбырлары төселіп, 205 құдық орнатылған. Сонымен қатар сужинағыш резервуарға электр қуаты беріліп, жарықтандыру жұмыстары атқарылған.

Уваровода осы сияқты жұмыстарды жүргізу арқылы 1474 ауыл азаматын орталықтандырылған ауызумен қамту жоспарланған. Қазіргі уақытта мұнда жоспарланған 37,6 шақырым ауызсу құбырының 22,3 шақырымы төселген. Сондай-ақ сужинағыш орналасқан ғимараттың айналасы қоршалып, қос су резервуары орнатылды. Жалпы айтқанда, екі ауылдағы су тарту жұмыстарына 30 ауыл тұрғыны мен оннан астам техника жұмылдырылған.



Фото: ашық дереккөз
Загрузка...