ШҚО құтқарушылары мұз үстіндегі қауіпсіздікті сақтауға шақырды

25 Қараша 2021, 19:33
1207
Бөлісу:
ШҚО құтқарушылары мұз үстіндегі қауіпсіздікті сақтауға шақырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті жаңа қатқан мұз қауіптілігі жайлы өңір жұртшылығына түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Осы мақсатта олар жергілікті атқарушы орган өкілдері және полицейлермен бірлесіп 249 рейд, 982 нұсқама өткізіп, балықшыларға 3455 жадынама таратты, деп жазды altaynews.kz.

Халық арасында 25 акция, оқушылар үшін 65 интерактивті сабақ ұйымдастырылды. Су айдындарында 33 ескерту және тыйым салу белгілері орнатылған. Қазіргі уақытта азаматтар үшін мұз үстінде балық аулайтын 84 орын мен 1 мұз өткелі бар, - делінген ақпаратта.

Өткен жылы 3 көлік мұз астына түсіп, қауіпсіздік шараларын сақтамаған 6 балықшы суға батып кетті. 2021 жылы су айдындарында 4 балықшы көз жұмған.

Осы ретте құтқарушылар қалыңдығы 10 сантиметрден кем емес мұз адам үшін қауіпсіз екендігін, дегенмен ешқашан мұзға қараңғы уақытта шығуға болмайтындығын ескертеді.

Мұзға тек жаяу шығу керек. Сондай-ақ мұз үстіне топ болып жиналмаған жөн. Балық аулауға арналған тесіктер бір-бірінен кемінде бес метр қашықтықта болуы қажет. Ешбір жағдайда мұзға мас күйінде шығуға болмайды. Сізде телефон, мықты арқан және пышақ болуы керек, - делінген хабарламада.


Өзгелердің жаңалығы