ШҚО-да биыл 10 білім беру ұйымы мемлекеттік аттестаттаудан өтеді

21 Қыркүйек 2021, 17:36
2484
Бөлісу:
ШҚО-да биыл 10 білім беру ұйымы мемлекеттік аттестаттаудан өтеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биылдан бастап білім беру ұйымдары оқыту сапасының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының талаптарына сәйкестігін бақылау үшін қайтадан мемлекеттік аттестаттау рәсімінен өтеді, деп хабарлады altaynews.kz.

Брифинг барысында ШҚО Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің білім сапасын сырттай бағалау бөлімінің басшысы Ботагөз Райымбекова білім беру ұйымдарына әкімшілік жүктемені азайту үшін мемлекеттік аттестаттау объектілерге бармай-ақ профилактикалық бақылау ретінде жүргізілетінін хабарлады. Меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан барлық ұйым бес жылда бір рет аттестаттауға жатады.

Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті өз құзыреті шегінде мектепке дейінгі тәрбие және оқыту ұйымдарын, орта білім беретін мектептерді, сондай-ақ, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын аттестаттаудан өткізетін болады. Ал жоғары оқу орындары мен жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарын Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті аттестаттайды, - делінген ақпаратта.

Ботагөз Райымбекованың айтуынша, биылғы екінші жартыжылдықта Шығыс Қазақстанның 10 білім беру ұйымы, оның ішінде төрт балабақша, бес мектеп және бір колледж мемлекеттік аттестаттау рәсімінен өтуге тиіс. Бірінші кезекте, білім беру ұйымдары жыл сайын білім беру қызметіне өзін-өзі бағалау жүргізуі және өз құзыреті шегінде департаментке мемлекеттік аттестаттауды жоспарланған өткізуге дейін бір айдан кешіктірмей материалдар ұсынуы тиіс. Бұдан әрі аттестаттау комиссиясы білім беру қызметінің өзін-өзі бағалау материалдарына талдау жүргізеді. 

Білім беру ұйымдарының мақсаттары, міндеттері мен құндылықтары, білікті қызметкерлердің болуы, қолжетімді білім беру үшін жағдайлар жасау, білім алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, материалдық-техникалық база мемлекеттік аттестаттауды өткізу кезінде зерделеудің негізгі бағыттары мен объектілері болады. 

Комиссия мүшелері өзін-өзі бағалау материалдарын талдау кезінде өзін-өзі бағалау мәліметтерін Ұлттық білім беру дерекқорында, «Е-лицензиялау» мемлекеттік дерекқорының ақпараттық жүйесінде, «Күнделік» цифрлық білім беру платформасында көрсетілген деректермен, алдыңғы профилактикалық бақылау нәтижелерімен бару арқылы, білім беру ұйымдарының ресми сайттарымен салыстырады.

Мемлекеттік аттестаттау нәтижелері бойынша білім беру ұйымдарына қорытынды берілетін болады. Ол алынған мәліметтерден, жұмыстағы кемшіліктер мен ескертулер туралы нақты ақпараттан, тұжырымдар мен әдістемелік ұсынымдардан тұрады.


Өзгелердің жаңалығы