ШҚО-да барлық мектеп қашықтан білім беруге көшті

7 Сәуір 2020, 19:42
1726
Бөлісу:
ШҚО-да барлық мектеп қашықтан білім беруге көшті

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Сәуір айының 6 жұлдызынан бастап Шығыс Қазақстандағы барлық 648 мектеп коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу мақсатында қашықтан оқытуға көшті.

Облыстық білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмәділова елімізде оқушыларды интернет-платформа және телесабақтар арқылы оқытудың екі жолы қолға алынғанын хабарлады. Сондай-ақ бірыңғай Kundelik.kz ақпараттық жүйесінің, Bilimland.kz және Daryn.online.kz сандық білім беру ресурстарының көмегімен интернет жылдамдығы 4 МБс-ты құрайтын ауылдық жерлердегі 168 мыңға жуық оқушы білім ала алуда. Ал үйлерінде компьютері жоқ 10 мың балаға мектептер өз компьютерлерін уақытша қолдануға берді.

5,6 мыңнан астам оқушыда техникалық мүмкіндігі болғанымен, үй жағдайында интернет желісі қосылмаған. Осы себепті, облыс әкімі Даниал Ахметовтың тасырмасына сәйкес, байланыс операторларынан SIM-картасы бар роутерлер сатып алынып, "Қазақтелеком" АҚ және басқа провайдерлер арқылы интернет тартылып берілді.

Біздегі аралас мектеп өте үлкен, 1600 бала білім алады. Олардың 210-ы ерекше қажеттілігі бар балалар. Барлық оқушылармен Kundelik.kz ақпараттық жүйесі арқылы сабақ жүргіземіз. Аталмыш жүйемен және месседжерлер арқылы кері байланыс орнатылады. Интернет желілері жоқ балаларға роутерлер таратылып берілді. Компьютерлері жоқтарды мектептер компьютермен жабдықтап берді. Білім беруде ешқандай мәселе жоқ. Бұған дейін үш апта бойына біз ұстаздармен онлайн сабақ өткізуді үйреніп, онлайн-кеңестер ұйымдастырдық. Кеше онлайн сабақтың бірінші күнін ойдағыдай өткіздік, - деді №15 орта мектептің директоры Анаргүл Бектұрғанова.

Дегенмен, облыста 20 мыңнан астам бала 1,5 МБс-қа дейінгі интернет жылдамдықты құрайтын 220 елді мекенде тұрып жатыр. Осы себепті олар білімді "Ел Арна" және "Балапан" телеарналары арқылы алуды бастады. Телесабақтар ҚР БҒМ бекіткен кесте мен тізімге байланысты аптасына 5 күн әрқайсысы 10 минуттан өткізіледі.

Облыстық білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмәділованың хабарлауынша, облыста білім басқармасы мен бөлім қызметкерлері және ұстаздар енген жобалық офис құрылған. Офистің негізгі міндеті қашықтан оқыту жұмысын үйлестіру, әдістемелік және техникалық қолдау көрсету болып табылады. Бұдан бөлек, басқарма мен бөлімдерде жаңа форматтағы оқыту барысында туындаған сұрақтарға жауап беретін 20-дан астам Call-орталықтары іске қосылған.

Өзгелердің жаңалығы