Қазақстан елшісі Германияның Федералды президентіне сенім грамоталарын табыстады

16 Тамыз 2019, 19:23
1749
Бөлісу:
Қазақстан елшісі Германияның Федералды президентіне сенім грамоталарын табыстады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Бельвю» сарайында Қазақстанның елшісі Дәурен Кәріпов Германия Федеративтік Республикасының Федералды президенті Франк-Вальтер Штайнмайерге салтанатты түрде сенім грамоталарын табыстады.

Салтанатты рәсімнен кейін болған сұқбат барысында елші Д.Кәріпов Ф.-В.Штайнмайерге Қазақстанның президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сәлемін жолдады, сондай-ақ Қазақстан-Германия саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық қарым-қатынасы стратегиялық серіктестігінің жоғары деңгейін атап айтты.

Қазақстандық дипломат Германия президентіне Қазақстандағы экономиканы жаңғырту , әлеуметтік саланы дамыту және демократияландыру жөніндегі ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың және мемлекет Басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан шаралар туралы хабардар етті. Д.Кәріпов екіжақты байланыстардың барлық кешені бойынша мемлекетаралық қарым-қатынасты нығайту және өзара мүдделерге жауапты міндеттерді жүзеге асыруға қатысты күш-жігерді арттыру жөніндегі екі ел арасындағы ынтымақтастық тетіктерін жетілдірудің маңыздылығын атап өтті.

3 (1).jpg

Неміс президенті Қазақстанның тұрақты дамуына жоғары баға беріп, президент Қ.Тоқаевтың елдегі жаңа саяси бастамаларына табыс тіледі.

Бұл тұрғыда Германияның Федералды президенті 2017 жылы Нұр-Сұлтан қаласына жасаған сапары аясында өткен Қазақстан-Герман іскерлік кеңесі барысында екі елдің бизнес құрылымдары арасында 20-ға жуық келісімге қол қойылғанын еске алды. Ол ҚР президенті Қ.Тоқаевтың Германияға жасайтын алғашқы еуропалық сапарын биыл өткізу перспективасын қолдай отырып, екі ел үшін мемлекеттік басым салаларда Қазақстанмен жан-жақты ынтымақтастықты дамытуға деген неміс тарапының шынайы пейілін білдірді.

Кездесу соңында Ф.-В.Штайнмайер Қазақстан басшылығына достық сәлем жолдап, елші Д.Кәріповке дипломатиялық миссиясын орындауда табыс тіледі.

Өзгелердің жаңалығы