Семейде Халыққа цифрлық қызмет көрсету орталығы ашылады

25 Сәуір 2019, 13:30
2453
Бөлісу:
Семейде Халыққа цифрлық қызмет көрсету орталығы ашылады

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Биыл Халыққа цифрлық қызмет көрсету орталығы Семей қаласында ашылмақ. Бұл жөнінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ ШҚО филиалының директоры Асхат Жарылқасынов хабарлады.

Шығыс Қазақстан аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында мемлекеттік корпорацияның үш жылдық жұмысын қорытындылаған филиал директоры мұндай ХҚКО-ның өткен жылдың соңында Өскемен қаласында ашылғанын атап өтті.

«Естеріңізде болса, Халыққа қызмет көрсету орталықтары ашылғанға дейін көптеген мемлекеттік қызмет түрлері азаматтарға 10-15 күн аралығында көрсетілетін. Қазір бұл мерзім бірнеше есеге қысқарған. Атап айтсақ, бүгінгі таңда ХҚКО-ға келген кез келген адам өзіне қажетті қызмет түрін бір күнде, әрі кеткенде үш күн ішінде ала алады. Ал кейбір қызметтер бір сағатқа дейінгі аралықта көрсетіледі. Сонымен қатар қазіргі уақытта біз «Электрондық үкімет» порталымен қатар Telegram қосымшасындағы «EgovKzBot» арқылы да 24 қызмет түрін көрсетудеміз», - деді Асхат Жарылқасынов.

Осы салада қол жеткізген тағы бір жетістік ретінде Семей қаласында ашылған мамандандырылған және Өскемен қаласындағы Халыққа цифрлық қызмет көрсету орталықтарын атаған филиал директоры 2019 жылдың екінші жарты жылдығында екінші цифрлы ХҚКО-ның Семей қаласында ашылуы жоспарланып отырғанын тілге тиек етті.

«Халыққа цифрлық қызмет көрсету орталықтарына келген адамдарды біз «eGov.kz» порталында жұмыс істеуге үйретеміз. Бұл қызмет түрі халыққа тегін көрсетіледі. Аталмыш порталды үйрету медиа-жоспарына сәйкес қазіргі уақытта облыс бойынша 600 қызметкеріміз арнайы оқудан өтті. Бірінші кезекте аумақтық департаменттерден бастап, барлық мемлекеттік органдардың қызметкерлерін «электрондық үкімет» порталмен жұмыс істеуге үйретеміз», - деді Асхат Жарылқасынов.

Қоса кетсек, қазіргі уақытта арнайы құрылған мобильді топтар өңірдегі жоғары оқу орындарының студенттері мен орта мектептердің жоғары сынып оқушыларын да порталда жұмыс істеуге машықтандыруға кіріскен.

 

 

Өзгелердің жаңалығы