Бас жаңалықтар
Семей әкімі мүмкіндігі шектеулі балалардың аналарымен кездесті
08 Наурыз 2019, 12:13 290

Семей әкімі мүмкіндігі шектеулі балалардың аналарымен кездесті

Астана, BAQ.KZ. Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Семей қаласының əкімі Ермак Сәлімов мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған аналармен кездесті.

Бұл туралы Семей қаласының ақпараттық орталығы хабарлады. Кездесу барысында аналар өздерін толғандыратын мәселелер туралы айтып, қала әкіміне сұрақтарын қойды. Күн тәртібіндегі басты тақырып «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» үшін басқа ғимарат беру. Себебі, қазіргі ғимарат нормативтік талаптарға сәйкес келмейді.

«Кішкентай бөлмеде 10 кереует бар. Олар сол жерде ұйықтайды, сол жерде ойнайды. Балаларға сабақ кішкентай дәлізде өткізіледі. Бұл ғимаратта жағдай мүлдем жоқ. Біздің ерекше балаларға кең бөлмелер қажет», - деді жиналған аналар.

Кездесу барысында қалалық билік екі жыл бұрын әлеуметтік мекемеге сол кезде бос болған екі ғимаратты таңдауға ұсынғаны анықталды. Бірақ әртүрлі себептермен орталық басшылығы бас тартқан көрінеді.

«Сол уақытта экономикалық лицей ғимараты бос болған. Бірақ қаланың шеті деп бас тарттыңыз. Содан кейін біз Әуезов аудандық ІІБ жанындағы ғимаратты ұсындық. Бұл жеке тұрған үй-жай. Оның ауданы 1 000 шаршы метр болды», - деді қалалық мәслихат хатшысы Бейсенбек Ақжалов.

Ермак Сәлімов барлық тараптарды тыңдап, бұл мәселені ерекше бақылауға алатынын мәлімдеді. Қала басшысы осы мәселені шешу үшін бірнеше нұсқаны ұсынды.

Қалада бос ғимаратты табу немесе мемлекеттік-жекешелік əріптестік шеңберінде жаңадан салу. Нысанға арналған жер телімі бар, тек инвестор табу қажет. Кездесуге қатысушылар бір ай ішінде тағы бір рет кездесетін болады.

Сізден жаңалық