Сайлаудың қорытындысына күдігіміз жоқ – Таспихов

9 Маусым 2019, 23:44
2101
Бөлісу:
Сайлаудың  қорытындысына күдігіміз жоқ – Таспихов

Нұр-Сұлтан.  BAQ.KZ тілшісі.  Кәсіподақтар атынан президенттікке үміткер  Аманкелді Таспихов   Сайлау барынша  ашық әрі әділ өтті деген пікір білдірді. Оның айтуынша, сайлауалды бағдарламаны жүргізген кезде де, кедергі келтірген ешкім болған жоқ. 

«Қазір сайлаудың қорытындысы туралы болжам айту дұрыс емес те шығар. Сайлауда қандай қорытынды шықса да, оған ешқандай күдігіміз жоқ. Қорытындымен келісеміз. Сайлауалды кампаниясы кезінде өңірлерді аралау барысында халық жылы қарсы алып, шығарып салып жатты. Өңірлерде шараларды өткізу үшін Қордан қажетті қаржы бөлініп, ғимараттарды жалға алып, бірқатар шараларды өткіздік. Алайда, еліміздің кең байтақ аймағын түгелімен аралап, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге уақыт тығыз болды. Бір кемшілік сол деп ойлаймын. Технологиялық мүмкіндіктерді және әлеуметтік желелердің мүмкіндігін барынша пайдаландық.Оның өзінде  қажетті жерде жылдам жариялық әрекет ететін көп мүмкіндікті барынша қолдана алмадық деп ойлаймын. Мен саясатта жүрген адам емеспін. Батыс Қазақстан облысының Орал қаласында тұрып, жергілікті шаруамен айналысып жүрген адаммын», - деді А.Таспихов. 

Өз сөзінде А.Таспихов  осындай деңгейге шығып, бүкіл республикаға үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу оңай болмағанын жеткізді.

«Алға қойған көп мақсаттарымызды халықтың көңіліне толықтай жеткізе алған жоқпыз. Әрине, мен жалғыз өзім жүрген жоқпын, негізгі жұмыстарды  қолдаушыларым, штаб басшылары мен жақтастарым жүргізді. Жұмыс тобыма алғымысымды айтамын. Олардың қандай деңгейде жұмыс жүргізгенін сайлаудың нәтижесі көрсетер. Бір айдың  ішінде  50 шақты кездесу өткіздім. Бұл өте аз көрсеткіш. Бұл іс-шаралардың Ораза айына тұспа-тұс келуінің де өзіндік ерекшелігі бар деп ойлаймын. Алайда, ешкімге өкпеміз жоқ. Барлық кандидаттарға бірдей жағдай жасалды. Кейбреуі оны ұтымдырақ пайдаланған болар. Менің кемшілігім көпшілік адам мені біле бермейді. Осы жағынан аз жұмыстандым деп ойлаймын. Біздің бағдарламамыз қарапайым халықтың жағдайын жақсартуға бағытталған еді. Халықтың қолдауына ие болдық», - деді ол. 

Сонымен бірге, А. Таспихов жоғары көрсеткішке ие болған Қасым-Жомарт Тоқаевты құттықтады.

Айта кетейік,  кандидат жұбайымен бірге ҚР Ұлттық кітапханасында орналасқан №111 сайлау учаскесінде  дауыс берді.Аманкелді Таспихов Орал қаласында тұрады. Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарына байланысты елордада дауыс берді.

Аягөз Құрмаш
Өзгелердің жаңалығы