Бас жаңалықтар
Сайлау учаскелері қызу жұмыс істеп жатыр
09 Маусым 2019, 17:28 373

Сайлау учаскелері қызу жұмыс істеп жатыр

Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Атырау қаласы бойынша 122 сайлау учаскесі жұмыс істеуде. Оның ішінде 22-сі алғаш рет ашылып отыр. Олардың барлығы да қаланың жаңадан бой көтерген ықшам аудандарында орналасқан.

 Қаладағы «АПЕК Петротехник» колледжінде орналасқан №90 сайлау учаскесіне 1600-ден астам сайлаушы тіркелген. Сайлау учаскесі ашылғаннан бастап дауыс берушілер толассыз келіп жатыр екен. Науқан барысында ешқандай заң бұзушылықтар тіркелмеген.

«Қазіргі уақытта сайлаушымыздың басым бөлігі дауыс берді. Бұл 400-ге жуық сайлаушымыз. Үйден дауыс берген 10 адамымыз бар. 5 адамын түске дейін араладық,  түстен кейін аралап жатырмыз. Барлығы да заң жүзінде өте белсенді өтіп жатыр.  Сондықтан да біздерде қызу жұмыс жүріп жатыр»,- дейді №90 сайлау учаскесінің төрайымы Гүлмаржан Бисембаева.

Саяси маңызы бар таңдауды той-думанға айналдырып, ел басшысын таңдауға ерекше дайындықпен келгендер де болды. Олар қазақи нақыштағы костюмдерін киіп, қазақтың қара домбырасымен ән шырқап дауыс берушілерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Сонымен қатар Назарбаев Зияткерлік мектебіндегі №89 сайлау учаскесі биыл алғаш рет жұмыс жасап жатыр екен. Бұл жерде де сайлаушылар жоғары белсенділікпен өз кандидаттарына дауыс беруде.

«Бұл сайлаудың өте үлкен маңызы бар. Жаңа мемлекет басшысын сайлаймыз. Президентте үміткерлердің  барлығы да халықты, әділдікке, ауызбірлікке шақырады. Мен ел болашағы үшін өз таңдауымды жасадым», - дейді қала тұрғыны Жаукен Кушенов.

Бұл №89 сайлау учаскесінде 2000-ға жуық тұрғын тіркелген. Қазіргі уақытқа дейін 400-ден астам сайлаушы өз таңдауларын жасап үлгерген. Оның 6-ы мүмкіндігі шектеулі жандар.

Авангард-3 ықшамаудандағы нөмері №14 сайлау учаскесінде бақылаушылардың айтуынша жағдай бір қалыпта.

«Нұр Отан» париясы атынан бақылаушы болып келіп отырмын. Бұл учаскеде сайлау жоғары деңгейде өтіп жатыр. Ешқандай құқық бұзушылық жоқ», - дейді тәуелсіз бақылаушы Абат Балабаев.

Фото: автордан

Сізден жаңалық