Бас жаңалықтар
«Сайлау әділетті өте ме?» деп онлайн-сауалнама ұйымдастыратындардың жағдайы қиындамақ
22 Қазан 2020, 17:07 170

«Сайлау әділетті өте ме?» деп онлайн-сауалнама ұйымдастыратындардың жағдайы қиындамақ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Әртүрлі порталдарда сайлау қарсаңында «Бұл сайлау әділетті өте ме?» деген сауалнамалар ұйымдастырылып жататыны бар. Бірақ бұл жолы олардың барлығына бірдей рұқсат етілмейді екен. 

Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Анастасия Щегорцова айтты.

Оның айтуынша, мұндай сауалнама ұйымдастыруға тек тіркелген заңды тұлғаның құқығы бар. Әрі қоғамдық пікірді білу үшін осындай сауалнама ұйымдастырып жүргендеріне кемі 5 жыл болуы керек.

Ең бастысы, алдымен Орталық сайлау комиссиясына тиісті құжаттардың көшірмелері бар хабарламалар жету керек. Бұл хабарламада сауалнамаға қатысатын, осы салада тәжірибесі бар мамандар туралы, сауалнама жүргізілетін аймақтар туралы барлық ақпарат болуы тиіс. Қоғамдық пікірді сұрау, сондай-ақ зерттеушілер зерттеу кезінде қолдануды жоспарлап отырған талдау әдістері де бар болу қажет, - дейді Анастасия Щегорцова. 

Оның айтуынша, заңда сайлауға байланысты қоғамдық пікірді сұрау нәтижелерін жариялауға қойылатын талаптар белгіленген. Ал бұқаралық ақпарат құралдары міндетті түрде сауалнамаға тапсырыс берген және оған ақша төлеген заңды тұлғаның кім екенін және мекенжайын көрсетуі керек. 

Сондай-ақ (БАҚ - тілші) сауалнаманың орнын, уақытын, ақпаратты жинау әдісін және сұрақтың нақты тұжырымын, сонымен қатар респонденттер саны мен нәтижелердің қателік коэффициентін көрсетуге міндетті. Мұның бәрі нәтижелерді жариялау заңымен талап етіледі. Сауалнама қорытындысын сайлау күніне бес күн қалғанда және сол күні жариялауға рұқсат етілмейді, - дейді комиссия мүшесі. 

ОСК сайлау жарияланған күннен бастап қолданыстағы нормаларды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын атап өтті. Комиссия мүшелері әлеуметтік желілерді белсенді қолданушылардан заңдарды сақтауды сұрады.

Бұған дейін Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев сайлау процесі «Сайлау туралы» заңмен реттелетінін және заңнамада онлайн дауыс беру мәселесі қарастырылмағанын айтқан болатын.



Фото: дереккөз
Загрузка...