Бас жаңалықтар
Сауд Арабиясының астанасында Абайдың «Қара сөздері» оқылды
PHOTO
23 Қараша 2020, 18:36 192

Сауд Арабиясының астанасында Абайдың «Қара сөздері» оқылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Хәкім Абай Құнанбайұлының шығармаларын Сауд Арабиясында кеңінен насихаттау аясында Рияд қаласында Қазақстан елшілігі мен саудтық Зерттеу және мәдениетаралық білім орталығы бірлесе отырып, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қолдауымен арнайы симпозиум ұйымдастырды. 

Бұл туралы СІМ баспасөз қызметі хабарлады.


Іс-шара ашылуында сөз сөйлеген елші Берік Арын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай ақынның мұрасын дәріптеу және әлемге паш ету мақсатында елімізде және шет елдерде өткен маңызды халықаралық іс-шаралар туралы кеңінен баяндап берді. Осы айтулы датаға орай ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Абай аманаты» және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты ауқымды мақалаларында ой бөлескені туралы айтып, олардың қысқаша мазмұнымен таныстырды. 

Өз кезегінде саудтық Зерттеу және мәдениетаралық білім орталығының жетекшісі доктор Яхья Махмуд бен Джунайд бұл игі іс-шара Абайдың шығармаларымен сауд халқын кеңінен таныстыру тұрғысында маңызды бастама болғандығын ерекше атап өтіп, мұндай шаралар екі ел халықтарын жақындастыруға, мәдени байланыстарын нығайтуға оң серпін беретініне сенім білдірді. 


Ғылыми-зерттеу бөлімінің басшысы доктор Айед Мұхаммад әл-Рабиа Сауд Арабиясы мен Қазақстан арасындағы мәдени байланыстар туралы баяндама жасады. Ал доктор Әмин Сулейман Сидо Орта Азия елдерінен шыққан әл-Фараби, Ибн Сина және т.б. ғұламалардың ислам өркениетіне қосқан орасан үлесіне тоқталып өтіп, ақын Абайдың шығармашылығындағы философиялық ойлар мен көркем сөз шеберлігі туралы өз ойымен бөлісті. Мәдениет бөлімінің жетекшісі Салех Заманан Абайдың араб тілінде «Қара сөзден» үзіндіні мәнерлеп оқып, қатысушылардың зор ықылысына бөленді, - делінген таратылған ақпаратта.


Сонымен қатар қазақстандық тараптан іс-шараға бейне байланыс арқылы қатысқан Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Шығыстану кафедрасының профессоры, Филология ғылымдарының докторы Самал Төлеубаеваның Абайдың Шығыс пен Батыс мәдени жетістіктерін, әйгілі әлем ойшылдарының еңбектерін қазақ даласына таныстырудағы еңбегі төңірегінде, сондай-ақ профессор Серік Негимовтің Хәкімнің ақын шығармаларындағы Ислам дінінің алатын орны туралы жасаған баяндамалары саудтық зиялы қауым тарапынан үлкен қызығушылық тудырды. 


Іс-шара соңында қатысушылар Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай күйші Айбек Бекбосынның арнайы шығарған «Телқара» күйінің және ұлттық театр әртістерінің орындауындағы «Көзімнің қарасы» өлеңінің бейне клиптерін тамашалады.


Фото: дереккөз
Загрузка...