Бас жаңалықтар
Сағынтаев Зерделідегі қисайған үйдің жағдайы жайлы айтты
17 Ақпан 2021, 11:04 155

Сағынтаев Зерделідегі қисайған үйдің жағдайы жайлы айтты

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев халыққа есеп беру кездесуінде қала тұрғындарының сұрақтарына жауап берді. 

Әкімге сұрақ қойған тұрғынның бірі Зерделі шағын ауданындағы қисайған үйде тұратынын айта келе ондағы қалпына келтіру жұмысының барысын сұрады.

Сағынтаев өз кезегінде Зерделідегі қисайған үй бойынша тұрғындармен жиі кездесіп тұратынын, жақында тағы барып, жүргізіліп жатқан жұмыстарды көріп қайтқанын айтты. 

Жұмыстың қиындығына байланысты қысқа мерзімде барлық үйлерді бітіру мүмкін емес. Өйткені онда барлық техникалық қауіпсіздік жағдайларын сақтауымыз керек. Негізгі, ең ауыр жағдайдағы үйлердің барлығы қалпына келтіріліп жатыр. Қалған он үйге жөнде жасау үшін ақпан айының соңында бюджетімізге толықтыру енгіземіз. Сол жерде қосымша тағы 2 млрд теңге бөлініп, қалған он үйді қалпына келтіреміз, - деді әкім.

Сонымен қатар ол жөндеу жұмыстары сондағы тұрғындардың сұрауы бойынша келісе отырып жүргізіліп жатқанын айтты. 

Негізгі жұмыс үйдің іргетасын нығайту болып отыр. Болашақта бұл үйлердің бәрі қауіп төндірмеуі керек, ондағы тұрғындардың ұйқысы тыныш болуы қажет. Сондықтан бұл мәселе әрдайым бақылауда болады, - деді Бақытжан Сағынтаев.



Фото: дереккөз
Загрузка...