Бас жаңалықтар
Ресейде білім алған жастар Қызылордадағы ірі кәсіпорындарда жұмыс істеуде
19 Ақпан 2019, 16:41 558

Ресейде білім алған жастар Қызылордадағы ірі кәсіпорындарда жұмыс істеуде

Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда облысынан 520 мектеп түлегі Ресейдің маңдайалды техникалық жоғары оқу орындарында тегін білім алуда. Грант Ресей Федерациясы үкіметінің есебінен. 

Қызылорда өңірлер ішінде мұндай мүмкіндікті ұйымдастырған жалғыз облыс атанып отыр. Өткен жылдан бері көрші елдегі қызылордалық жастар оқуын тәмамдап, елге орала бастады. Қазіргі таңда 19 жас аймақтағы мекемелер мен өндіріс орындарына жұмысқа орналасты. Солардың бірі – Гүлсезім Раушан.

Ол – Жаңақорған ауданындағы «СКЗ-U» серіктестігінің қызметкері.

«Шет елде білім аламын деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмеген еді. Оқушы кезде Алматы, Астана қалаларында ғана ең жоғары білім беретін оқу орындары бар деп ойлаушы едім. Сөйтсем олай емес екен. 2014 жылы Ресейде оқуға мүмкіндік ашылды деген жаңалықты естіп, бағымды сынадым. Сынақтан сүрінбей өттім. Қызылорда қаласындағы №253 мектепті бітіріп, Мәскеу Ұлттық технологиялар университетіне оқуға түстім. Электроника және наноэлектроника мамандығында оқып, былтыр елге оралдым», – дейді Гүлсезім.

Оның айтуынша, өзі білім алған жоғары оқу орнында студенттерге қатаң талап қойылады. Мәскеу мекемелері де өндірістік тәжірибеден жүрдім-бардым өткізбейді.

«Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, оның орынбасарлары, басқарма басшылары Мәскеу немесе Санкт-Петербургке сапармен келе қалса, сырбойылық студенттерге соқпай кетпейтін. Бізбен әңгімелесіп, жағдайымызды сұрайды. «Ел сендерге сеніп отыр, Отанымыздың гүлденуіне үлес қосып, қызмет қыласыңдар» деп бізді қайраттандырады. Туған жерімізді сағынып жүрген бізге осылай үлкен қолдау білдіріп, бойымызға қуат бітіретін. Сапалы білім алуға мүмкіндік берді. Енді еңбек етуіміз керек», – деген Гүлсезім жұмысқа орналасуға да облыс басшылығы тікелей ықпал еткенін жеткізді.

Оның айтуынша, былтыр оқу бітіріп келген соң облыстық әкімдіктің қызметкерлері хабарласып, Жаңақорған ауданындағы «СКЗ-U» серіктестігіне маман болып жұмысқа тұруды ұсынған.

«Қуанып кеттім. Ертеңіне кәсіпорынға барып, сынақтан сәтті өтіп, жұмысқа тұрдым», – деді күкіртқышқылы цехының инженері атанған Гүлсезім Раушан. Ол өндіріс орнының жұмысын дамытуда жаңа жобалар қолға алған.

Гүлсезімнен бөлек, Ресейде білім алған 13 түлек облыстағы «СКЗ-U», «Қызылорда жарығы», «Аңсар Сервис», «Теплотехник» секілді серіктестіктерде, облыстық басқармаларда және басқа да мекемелерде қызмет істеуде.

К.Тимирязев атындағы Ресей мемлекеттік аграрлық университетінің төртінші курс студенті Айсана Өрікбайдың айтуынша, биыл да Ресейдегі қызылордалық жастардың бір шоғыры оқуын тәмамдап, туған жерге оралады.

«Біз сыртта жүріп, Отанның, туған жердің қадірін түсінгендейміз. Осындағы жастардың бәрі елімізге қызмет етуге ынталы. Біразы былтыр Қызылорда қайтып, жұмыс істеп жатыр. Жалпы, біз, Ресейде білім алып жатқан қызылордалық студенттер бір қауымдастыққа біріккенбіз. «Орда» дейтін. Осы ұйымның аясында топтасып, бірігіп, бір-біріміздің жағдайымызды сұрап тұрамыз. Білімге, тұрмыстық жағдайға байланысты мәселелер де назарымыздан тыс қалмайды», – дейді Айсана.

 Ибраш Әли

Сізден жаңалық