Бас жаңалықтар
Рамазан айында елордада қайырымдылық акциялары ұйымдастырылады
04 Мамыр 2019, 16:53 842

Рамазан айында елордада қайырымдылық акциялары ұйымдастырылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Бас кеңсесінде қасиетті рамазан айына байланысты баспасөз мəслихаты өтті. Бұл туралы басқарманың баспасөз қызметі хабарлады.

Дәстүрлі жиынға ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз, Бірінші наиб мүфти, Нұр-Сұлтан қаласының Бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы, ҚМДБ Шариғат жəне пəтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай қажы Құрбанұлы қатысты. Мәслихаттың модераторлық қызметін ҚМДБ баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы жүргізді.

Журналистермен болған сұхбатта рамазан айының күні, пітір садақасының мөлшері, қадір түні мен ораза айттың күні, оразаға қатысты жалпы мəліметтер берілді.

Қасиетті ай қарсаңында Бас мүфти халыққа үндеу жолдады.

«Ізгі амалдың сауабы еселеніп жазылатын айда көпбалалы жанұяларға қолдау көрсетіп, қариялар мен мүгедек жандардың, жалғызбасты аналардың батасын алып, алғысына бөленуге үндеймін. Жетімдер мен науқас адамдарға қамқорлық жасайық! Бір адамды қуанышқа бөлеу – садақа. Бірде сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедтен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір кісі: «Уа, Алланың Елшісі, ең жақсы адам кім?» – деп сұрағанда, ол: «Ең жақсы адам – қоғамға, елге пайдасы тиген пенде», – деп жауап берген екен. Рамазан айы құтты болсын! Қасиетті айда ұстаған оразаларыңыз, жасайтын құлшылық, дұға-тілектеріңіз қабыл болсын! Алға қойған арман-мақсаттарыңыз орындалып, оразадан оразаға аман-есен жете беруімізді Алла нәсіп етсін!» – деп атап өтті ол.

Бас мүфтиден кейін сөз алған Бірінші наиб мүфти, Нұр-Сұлтан қаласының Бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлының айтуынша, қасиетті айда бірқатар қайырымдылық акциялары өткізілетін болады.

«Биылғы Рамазан айында Нұр-Сұлтан қаласында дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан «Мұқтаждың мұңын бөліс!», «Мейірімділік мекені», «Жақсылықта жарысайық» атты қайырымдылық акциялары үлкен көлемде ұйымдастырылатын болады. Сондай-ақ, ораза айт мерекесіне орай «Айттық бізден болсын!» қайырымдылық шарасы өткізіледі. Алла қаласа, қасиетті рамазан айының әр күні 2000-нан астам жамағат елорда мешіттерінен ауыз ашатын болады. Қала әкімшілігінің қолдауы арқасында тарауих намаздарынан соң тегін қатынайтын автобустар да биылғы жылы жамағаттың алғысына бөленетін болады», - деді Бірінші наиб мүфти.



Фото: дереккөз

Сізден жаңалық