Қысқамерзімді кәсіптік оқытуға қатысатындардың стипендиясы көбейеді

29 Шілде 2019, 12:10
3091
Бөлісу:
Қысқамерзімді кәсіптік оқытуға қатысатындардың стипендиясы көбейеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ержан Жылқыбаев Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының қысқамерзімді кәсіптік оқыту бағыты бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады.

«1 шілдедегі жағдай бойынша 22 мың азаматты оқытуға жіберіп, бүгінде оның 3 мыңы оқуын аяқтап, жұмысқа орналасты. 1 қыркүйектен бастап тегін техникалық және кәсіптік білім беруге 23 мың жас азамат жіберіледі. Қысқамерзімді оқуға қатысатындардың стипендиясы 1 қыркүйектен бастап 30% көбейеді, яғни 21 800 теңгені құрайды», - деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бірінші орынбасары. 

Ол оқудың тиімділігін арттыру мақсатында білім беру ұйымына қойылатын талаптар күшейтілгенін атап өтті. 

«Биылдан бастап «Атамекен» ҰК палатасымен реестр құрдық. Ол реестрге кіру үшін келесі талаптарға сай болу қажет: бітірушілердің кемінде 60%-ы жоғары жұмысқа орналасуы, қысқамерзімді оқыту тәжірибесі 1 жылдан кем болмауы, сабақ беретін мамандардың өндірісте практикалық тәжірибесі 1 жылдан кем болмауы қажет және оқыту техникалық материалдық базасы қазіргі заманға сай болуы қажет. Осы реестрге бүгінде 615 мың білім ұйымы кіріп отыр», - деді Жылқыбаев.

Бұған дейін ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ержан Жылқыбаев жарты жылда 186 мың жұмыс орны ашылғанын айтты.
Өзгелердің жаңалығы