Қостанайда соңғы 5 жылда 1,1 мың шақырым құбыр жаңартылды

10 Шілде 2019, 21:18
2280
Бөлісу:
Қостанайда соңғы 5 жылда 1,1 мың шақырым құбыр жаңартылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мәжіліс депутаттары Ирина Аронова, Иван Клименко мен Альберт Рау Қостанай облысының Алтынсарин ауданына қарасты Докучаев ауылындағы су құбырларын жүргізу жұмыстарымен танысты.

Бүгінде «Аймақтарды дамыту - 2020» бағдарламасы аясында мұнда 20 шақырым құбыр тарту көзделуде. Жобаның жалпы құны 779 млн теңгені құрайды. Әзірге бірінші ұңғыманың құрылысы жүргізілуде. Нысанда 40 адам жұмыс істеуде.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қостанай облысында сумен қамту, су тарту жүйелерін салу не оны жаңарту бойынша ауқымды жұмыс атқарылуда. «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша 2011- 2016 жылдар аралығында Қостанай облысында құны 34 млрд теңге болатын 75 жоба жүзе асты. Нәтижесінде 1,1 мың шақырым құбыр жаңартылды», - дейді Алтынсарин ауданының әкімі Ерлан Жаманов.

28071.jpg

Докучаев ауылындағы су жүйесі маңызды жобалардың бірі. Құрылыс жұмыстары келер жылы аяқталады деп күтілуде. 2015-2019 жылдар аралылығында Қостанай облысында 15 жоба жүзеге асқан. «Нұрлы жол» және «Өңірлерді дамыту» бағдарламалары осылайша өңірдің өзекті мәселесін оңтайлы шешіп келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар бәсеңдемек емес. Мысалы, өткен жылдың өзінде сумен қамтитын 25 нысан жөндеуден өтіп, 9,3 млрд теңгеге су тартылды. 12 ауыл 60 мыңнан астам тұрғын облыс бойынша тіршілік нәріне қол жеткізді.

Айта кету керек, астықты аймақта 550-ге жуық елді мекен болса, соның үштен бірі ғана орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. Мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен ауыз су мәселесі біртіндеп өз шешімін табуда.

Сонымен қатар, бүгін Мәжіліс депутаттары Қожахан Жабағиев пен Әбдіманап Бектұрғанов Жамбыл облысына сапары барысында тәулігіне 80 тонна сүт өнімдерін өндіретін зауыттың еңбек ұжымымен кездесіп, кәсіпорын жұмысымен танысты.

Еңбек ұжымымен кездескен депутаттар еліміздегі әлеуметтік бастамалар туралы айтып, жұмысшыларды қызықтырған сұрақтарға жауап берді.

Өз кезегінде, кәсіпорын директоры Әбдіғали Бегімбетов бүгінгі таңда сүт бағытындағы 4 ауыл шаруашылығы кооперативімен бірлесе жұмыс жүргізіп жатқанын, алдағы уақытта кооперативтер санын 10-ға жеткізуді жоспарлап отырғанын тілге тиек етті. Аталған зауыт өндірген өнім көлемі соңғы 5 жылда 186,2 миллион теңгеден 774,3 млн теңгеге дейін өсіп, тұрақты жұмысшылар саны 32-ден 48-ге артқан. Орташа айлық жалақы 100-140 мың теңге аралығында.

2018 жылы зауыт 778 млн тг құрайтын 81 тонна өнім шығарып, жоспарды толығымен орынса, биыл І жартыжылдық қорытындысы бойынша 389 млн тг қаржы көлемі болатын 41 тонна өнім өндірген.

Сүт және ет өнімдерін тереңдете өңдеуге және өндіріс орындарын цифрландыруға ерекше көңіл бөлінуде. Толықтай цифрландырылған «Көкжиек - 2030» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі зауытының іске қосылуы осының айғағы. Жалпы, облыста сүт өнімдерін өндіретін 18 кәсіпорын жұмыс істейді.

Айта кету керек, 2007 жылы құрылып, сүт өнімдерін өндірумен айналыса бастаған өндіріс орны былтыр жыл соңында қайта кеңейтіліп, модернизацияланды. Еңбек өнімділігін арттыру мақсатында Италиядан жеткізілген соңғы үлгідегі технологиялармен жарақтандырылды. Жобаға тартылған инвестиция көлемі – 1,6 миллиард теңге. Зауыттың қуаттылығы - жылына 80 тонна сүт өнімін өндіруге жетеді. Ал қажетті шикізат Жуалы, Жамбыл, Байзақ, Т.Рысқұлов аудандарынан және Түркістан облысынан жеткізіліп жатыр.

Өзгелердің жаңалығы