Қоғамдық тәртіпті сақтау – маңызды міндет
5 Қаңтар, 02:50 339

Қоғамдық тәртіпті сақтау – маңызды міндет

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Газ бағасының өсуіне байланысты наразылығын білдірген Жаңаөзен қаласының тұрғындары билікке өз талаптарын жеткізгені белгілі. 

Осыған байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Үкімет комиссиясы құрылған болатын.
Бүгін аталған комиссия Ақтау қаласының бастамашыл тобымен келіссөздер барысында қабылданған шешімдерді жариялады. Шешімге сай сұйытылған газ құнын төмендету және литріне бағасын 50 теңгеден белгілеу туралы айтылды.

4 қаңтар күні еліміздің бірнеше өңірінде тұрғындар алаңдарға жиналды. Құқық қорғау органы өкілдері осындай жиындар барысында қоғамдық тәртіпті сақтауға барынша күш салуда. 

Кеше Орал қаласындағы белсенділер "Дина" гипермаркеті жанында орналасқан тұрақтағы полиция қоршауын бұзып өтіп, халықаралық Самара-Шымкент автожолына өтті. Олар өтіп бара жатқандар мен көлік жүргізушілерін өздеріне қосылуға шақырды. 
3 қаңтарда Атырау қаласындағы Махамбет пен Исатай атындағы алаңға 5000-нан астам адам жиналды. Полициямен кішігірім қақтығыс та болды. Бірақ жапа шеккендер жоқ. Белсенділер кешке дейін тарамайтынын айтты.

Нұр-Сұлтанда 4 қаңтарда «Астана концерт залы» аумағында бір топ азамат рұқсат етілмеген митинг ұйымдастырмақ болды. Оларға жергілікті атқарушы органдардың өкілдері түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында полицейлер 5 айлық баласымен 30 жастағы елорда тұрғынын шағын автобуспен үйіне тұрғылықты жеріне жеткізген.

Бүгін әлеуметтік желіде Ақтаудағы халық әуежайға кетіп бара жатқан әкім Нұрлан Ноғаевты өткізбей қойғаны түсірілген видео жарияланды. 
Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев елордадан келген Ералы Тоғжанов бастаған үкіметтік комиссияны күтіп алуға Ақтаудағы әуежайға барған. Бірақ әкімнің көлігі жол бойын жапқан азаматтардың қарсылығына тап болды.

Одан бөлек, тұрғындардың отандық эстрада әншісі Қайрат Нұртасты Ақтаудан шығармай қойғаны туралы видео да таралды. 
Өнер иесінің жабылған жолдан шыға алмай қалған сәтінің видеосы Instagram-да тарап кетті. Онда жолды жапқандар қалаға кіруге де, шығуға да жол жоқ екенін айтады.

Алматыда наразылық білдірушілер полицияға қар мен бөтелке лақтырған. Сонымен қатар, ақпарат құралдарының хабарлауынша, бірнеше полиция көлігін зақымдаған. 

Айта кетейік, 5 қаңтарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдайға қатысты кеңес өткізеді. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында жазды.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...