Бас жаңалықтар
 Қажымқан Мәсімов: "Қазақтың қарапайым қарияларының біріміз"
13 Сәуiр 2019, 14:48 1578

Қажымқан Мәсімов: "Қазақтың қарапайым қарияларының біріміз"

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 8 сәуір күні белгілі қоғам қайраткері Қажымқан Мәсімов дүниеден озды. Ол өзі және замандастары туралы "Аманат" атты кітап жазған болатын.


Сталиннің кітабының мұқабасын жамылып аман қалған Құран. "Аманат" кітабынан

Бірнеше күн бұрын қазақстандықтар белгілі қоғам қайраткері, Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті төрағасы Кәрім Мәсімовтің әкесі - Қажымқан Мәсімовпен қоштасты. Қазақстанның дамуына қосқан үлесін еске ала отырып, BNEWS.KZ оның "Аманат" атты өмірбаяндық кітабы туралы мәліметтер келтіріпті.

Кітап 2013 жылы жарыққа шыққан. Қазір оны сайттан көшіріп алуға болады, ал Youtube видеохостингіндегі "Аманатқа" арналған парақта - автордың сұхбатын, оның осы кітап жөніндегі ойларын, архивтік фотолар мен бейнеүзінділер көруге болады.

Автордың өзіне тоқталсақ. Қажымқан Қасымұлы Мәсіvов 1939 жылдың 18 сәуірінде Талдықорған jоблысының Ақсу ауданындағы Қарасу (Еңбек) кентінде дүниеге келген. Омбы теміржол, Павлодар индустриалдық және Алматы дене шынықтыру институттарын бітірген. Қазақ туризм және спорт академиясының спорт медицинасы кафедрасының құрметті профессоры.

2016 жылдың қарашасынан бастап, "Қазақстан ұлттық агроөнеркәсіп палатасы" заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер қауымдастығының құрылтайшыларының жалпы отырысының шешімімен осы ұйымның президенті болып сайланды. "Мәсімов сауықтыру орталығы" ЖШС бас директоры, Қазақстан йога қауымдастығының президенті болды. Осы тұста Қажымқанның йогаға келуі туралы хикаясы қызық. Ол анасы дүние салған соң йогаға бой ұрып, оны ақыры ғұмыр бойы тастамады.

Кітаптың бірінші - "Тамыр" бөлімінде Қажымқан Мәсімов оқырманды өзінің ата-анасымен, туған жерімен таныстырып, балалық шақтың қызықты оқиғаларымен бөліседі.

Кітаптың екінші бөлімінде автор өзінің жасөспірім кезіндегі; Алматы зооветеринария, Томск және Омбы теміржол институттарындағы студенттік шағының естеліктерімен, алғашқы маңдай тер ақысы туралы әңгімелейді.
 
Ал соңғы үшінші бөлімінде - Сібірдегі жұмыстан соң отанға оралуын, Целиноградта қызметке тағайындалуы, қызмет бабымен Алматыға көшуі, таныстары, әріптестері мен жаңа достары туралы әңгімелейді. Кітаптың осы тұсында да өмірінің мәніне айналған - йога туралы кездеседі.

Қажымқан Мәсімов кітабының кіріспесін Абайдың: «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман» деген сөзімен бастапты. Автор қазір - адам баласы өткенді електен өткізуге бейіл жасқа келгенін, сондықтан оқырмандармен өз өмірінің басты кезеңдерімен бөліскісі келетінін айтыпты.

"Өмірде көпті көрдім бе, аз көрдім бе - оны өзім қайдан айтайын. Бірақ өз заманында жақсыны да, жаманды да көрген әулетімнің бар қасиетін бойыма сіңіргенім анық" - деп жазады Қажымқан Мәсімов.

Қажымқан Мәсімов кітабын өз әкесінен тараған ұрпаққа арнапты. Онда ғұмырнамалық баянға арқау болатын фотолар көп, ал бөлімдер ойшылдардың және автордың өзінің дәйексөздерімен салғасады. Кітапта - жұбайымен танысуы, оның туысқандары және ұлы Кәрімнің ер жетуіне көңіл бөлінген тұстар да жетерлік.

"Біз бақытты кезеңде ғұмыр кешудеміз. Ұлым Кәрімнің үлкен отбасымның мақтанышына айналғанына бақыттымын. Ұлыма үлкен жауапкершілік артып, елдің қамын күйттейтін үлкен жұмыстарды тапсырғаны үшін Нұрсұлтан Назарбаев сынды ақылман әрі талантты адамға алғысым шексіз" - дейді автор.

Кітаптың эпилог іспетті жазбасы оқырманға бағышталған.

"...Ал менің мына жазғаным - біздің өмір, біздің бастан өткергеніміз, көргеніміз, мына қамшының сабындай ғана қысқа тіршіліктен түйгеніміз. Балаларыма, немере-шөберелеріме аманат болсын, шыққан түп-төркіндерін, ата-әжелерінің кешкен өмірін біле жүрсін дедім. Кәдесіне жарайтынын алсын, асылын тапқан болса көңіліне түйсін. Біз кәсіп қылған жазушы кісі емеспіз, ой қуған данышпан да емеспіз, қазақтың қарапайым қарияларының біріміз. Артық-ауыс кем-кетігіміз болып жатса, оқыған жұрт айып етпес... Сөз тәмам" - деп түйіндейді автор.

Мемлекеттік және орыс тілдеріндегі "Аманат" кітабын amanatbook.kz сайтынан түрлі форматта көшіріп алуға болады.


Фото: ашық дереккөз

Сізден жаңалық