Түнгі 3-те хабарласып, вакцина дайындаймыз, жолға шық деді. Ғалым QazVac қалай жасалғанын айтты
22 Қазан 2021, 16:06 7087

Түнгі 3-те хабарласып, вакцина дайындаймыз, жолға шық деді. Ғалым QazVac қалай жасалғанын айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Желмая» жобасына сұқбат берген Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ҒЗИ микроағзалар коллекциясы зертханасының меңгерушісі, философия докторы (PhD), ғалым, QazVac вакцинасын әзірлеушілердің бірі Қуандық Жүгінісов отандық екпенің дайындалу тарихымен бөлісті.

Оның айтуынша, аз уақытта жоқты бар ету ғалымдарымызға оңайға түспеген.

Әрине, вакцина дайындау оңай шаруа емес. Елімізде локдаун жарияланған уақытта, былтырғы жылдың наурыз айында Мемлекет басшысынан шұғыл түрде отандық вакцинаны дайындау керек деген мазмұндағы Жарлық келді. Вирусология саласы бойынша Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ҒЗИ 60 жылдан астам тарихы бар бұрыннан келе жатқан ғылыми орталық екені белгілі. Жарлық қолға тиген соң орталық директоры Күнсұлу Дальтонқызы: «Індетпен қалай күресеміз? Вирусқа қарсы не істей аламыз?» деген мәселені алға қойды, - деп атап өтті жас ғалым.

Ел басына күн туғанда ғылыми-зерттеу институты вируспен күресуге бірден бел шеше кіріседі.

Содан бес түрлі вакцина дайындаймыз деп шештік. Көп үмітті осы инактивтелген вакцинаға арттық. Өйткені бұл вакцина бұрыннан келе жатқан, өзін ақтаған, құс тұмауы бойынша орын алған пандемияда сенім ұялатқан еді. Екпенің технологиясы бұрыннан болды, - дейді Қуандық Жүгінісов.

Алайда бұл жерде үлкен мәселе – штамды қайдан аламыз деген сұрақ туындағанын жасырмады.

Ел карантинге жабылған күні түнде Күнсұлу Дальтонқызы хабарласып, бір сағатта жиналуымды өтінді. Өзімді соғыс жағдайындағыдай сезіндім. Полицияның алып жүруімен Алматыға жолға шықтық. Осылайша, ауруханалардың біріне барып, алғаш коронавирус жұқтырған адамнан штам бөліп алдық, - деп ағынан жарылды QazVac вакцинасын әзірлеушілердің бірі.

Одан кейін орталықтың ғалымдары үшін өте жауапты жұмыс басталған.

Клиникалық материалды түтікте (пробирка) өсіріп, вирусты бөліп алып, геномдық аражігін ажыратып, талдау жасадық. Коронавирус екені анықталып, зертханалық үлгі дайындалды. Жануарларға салынды. Оларда бәрі дұрыс болған соң, ғалымдар өздеріне салды. Еріктілерге салмас бұрын Ұлттық сараптама орталығында жануарларға тағы бір мәрте сынақ өткізілді. Одан кейін барып қана адамдарға клиникалық сынақ жасауға рұқсат берілді, - дейді зертхана меңгерушісі.

Фото: ашық дереккөз
Загрузка...