«QazEpos» мобильді қосымшасы іске қосылды

13 Ақпан 2019, 10:45
3007
Бөлісу:

Астана, BAQ.KZ. Енді эпостық жырларды «QazEpos» мобильді қосымшасы арқылы тыңдауға болады. 

Жоба авторы Жансерік Сүйінбаевтың айтуынша, қазақ халқының эпостары аудио нұсқада тек күйтабақта ғана жазылған. Ол қосымшаны жасап шығару үшін 2 жылдай уақыт еңбектенгенін айтады. Оның бір жылы эпостардың авторлық құқына ие компания өкілдерімен келісім жасасуға кеткен.

«Мен эпостардың түпнұсқаларын ресейлік компаниядан алдырдым. Жазылған қолда бар эпостардың саны бар-жоғы 11 екен. Білуімше, тек эпикалық жыр-дастандардың халық арасында таралған саны 300-ге жуық, осының ішінде жарық көргендері қырыққа да жетпейді. Болашақта жарыққа шықпағандарын да қосымшаға енгізу жоспарда бар, – дейді Жансерік Сүйінбаев.

Қазіргі уақытта «QazEpos» қосымшасында Қобыланды батыр, Қыз Жібек, Мұңлық-Зарлық, Алпамыс батыр, Айман-Шолпан, Қарасай Қази батырлық дастаны, Қамбар батыр, Әли батыр, Қабанбай батыр, Нар қыз, Асау Барақ эпостық жырлары бар.

Жансерік «QazEpos» қосымшасын одан әрі дамытуды жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта қосымшаны тек App Store-дан iOS мобиль смартфондарына жүктеуге болады. Android операциялық жүйесіне қосымшаны енгізу іске асып жатыр.

Өзгелердің жаңалығы