Бас жаңалықтар
Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау қызметкерлерін марапаттады
06 Мамыр 2019, 12:18 660

Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау қызметкерлерін марапаттады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Отан қорғаушылар күні қарсаңында құқық қорғау қызметкерлеріне мемлекеттік награда табыстады. Марапатталғандар қатарында қарттар мен балаларды судан және өрттен аман алып қалған бейбіт күннің батырлары да бар.


«Баршаңызды Отан қорғаушылар күнімен және Ұлы Жеңіс мейрамымен шын жүректен құттықтаймын. Бүгінде біздің күштік құрылымдарымыз заманауи техника мен технологияны меңгерген. Олар кез келген қауіп-қатерге қарсы соққы бере алатын айбынды, әрі мобильді күшке айналды. Жақында ғана өткен «Айбалта – 2019» оқу-жаттығуы соның айқын дәлелі. Жауынгерлердің әскери оқу-жаттығуларын өзім арнайы барып көрдім. Міне, бүгін ортамызда еліміз бен жерімізді адалдықпен аянбай қорғаған қаһармандар тұр. Олардың арасында адам өмірін өрттен, судан арашалап қалған бейбіт күннің батырлары бар. Сіздердің бейбіт күндегі ерліктеріңіз бен игі істеріңіз өскелең ұрпаққа үлгі болуы тиіс. Сондықтан, біз бүгін мінсіз әскери қызметімен, ерен ерлігімен дараланған азаматтарды марапаттау үшін жиналып отырмыз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордадағы салтанатты рәсімде.


Президент Әскерді басқарудағы еңбегі мен жауынгерлік жаттығудағы жоғары көрсеткіші үшін ҚР Қарулы күштері Бас штабы бастығының орынбасары Әділбек Алдабергеновты І-ші дәрежелі Даңқ орденімен марапаттады. Ал ІІ-ші дәрежелі Даңқ орденімен Конституциялық құрылысты қорғаудағы қызметі үшін Алматы облысы бойынша ҚР Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті департаментінің бастығы Сәбит Құрманалиев наградталды. Ақмола облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ұлттық бюро департаментінің бастығы Қуаныш Бекбасов ІІ-ші дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. 


Қазақстан Президенті суға батып бара жатқан қыз баланы құтқарған Атырау қаласы жол-патрульдік полициясының инспекторы Рүстембек Сүндүтовке ІІ-ші дәрежелі «Айбын» орденін табыстады. Тоқаев «Бұл азаматтың батылдығы – шынайы ерліктің үлгісі» деді. Мемлекет басшысы қарттар мен балаларды өрттен құтқарып, ерлік көрсеткен азаматтарды да түрлі наградамен марапаттады. 


Шарада әртүрлі дәрежедегі «Даңқ» ордені, «Құрмет» ордені, «Айбын» ордені, «Ерлігі үшін» медалі, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалі және тағы басқа наградалар еліміздің қарулы күштері, ішкі істер органдары, ұлттық қауіпсіздік комитеті, прокуратура мен басқа да сала қызметкерлеріне табысталды. 


«Құрметті сарбаздар, Отан алдындағы абыройлы еңбектеріңіз үшін алғыс білдіремін. Марапаттарыңыз құтты болсын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын», - деп түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Салтанатты рәсімнен кейін жиналғандар Президентпен бірге естелік суретке түсті.


Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ
Загрузка...

Сізден жаңалық